Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарты ғасырлық жүздесу жүректі тербеп, жанды жадыратты

Жарты ғасырлық жүздесу жүректі тербеп, жанды жадыратты

Сан жылдар бойы бірін-бірі көрмей сағынысқан түлектер қайта-қайта құшақтары жазылмай, арқа-жарқа болды да қалды. Сонау бір кездері бозбала мен бойжеткендер бүгінде ардақты ата, асыл әже атанған. Ағыл-тегіл ақ тілектерін жаудырып, бәзбіреулері көздеріне жас та алып үлгерді. Бұл сонау 1975 жылы №35 М.И.Калинин (қазіргі И.Тоқтыбаев) атындағы мектеп бітірушілердің кездесуі еді. Жарты ғасырлық жүздесу осылайша ерекше көңіл толқынысымен басталды.

Алғашқы күнді игі іс-шараға қа­тысу­­шылар өмірден өтіп кеткен ұлағатты ұстаздары мен қимас сыныптастарын еске алып, құран бағыштап, ас беруге арнады. «Өмір – жалған» деген рас-ау. Болашаққа бағыт-бағдар беріп, біліммен сусындатқан сол кез­дегі ұстаздарымыздың бәрі дерлік бақи­лық болып кетіпті. Ең жақын да қадірлі, сыйлы да құрметті жандар еді олар. Білім берудің методикасын терең әрі жан-жақты меңгерген Сақыбек Алданазаров, Сейіткамал Усабаев, Смағұл Тұрғанбаев, Аққайыр Қоржынбаевтар өз алдына бір төбе еді. Күнделікті сабақтарын тартымды да қызықты етіп өткізуге тырысатын аяулы ұстаздар Бибіажар Боранқұлова, Қадір Бердалиев, Қасымхан Смайлов, Мырқайдар Мәмбетовтердің әуезді дауыс­тары әлі күнге дейін құлақ түбінде жаңғырып тұрғандай. Сыпайы да сырбаз қалыптарынан танбайтын Қайысбек Байсалбаев, Сауия Назарбаева, Рахима Қызылқожаева, Алмат Пірімбетов, Нұрғали Серікбаев, Бүркітбай Диқанбаев секілді ұстаз­дарға еліктейтін шәкірттер де мол еді.

Салмақты да сабырлы, жымиған жайдары күлкілерімен баурап алатын Жұмабек Айтжанов, Бөлебай Бисенбаев, Рыскүл Бажиева, Жоламан Ерманов, Бақтығали Сүйіндіков, Мей­рамкүл Байменова секілді ұстаз­­­дарды қалайша ұмытарсыз?! Әрқайсысы бөлек-бөлек тұлға еді ғой. Әдемілік пен сұлулықты бойға сіңіруге тырыс­қан Ибадулла Байдаулетов, Кеңес Иноятов, Аманқос Ақылбеков ағаларға тәнті болатынбыз. Жаңаша әдіс-тәсілдермен сабақ беруге жандары құштар Омар Смайлов, Карима Бектасова, Қатша Өтешова, Ақмоншақ Дәрменова, Нағима Қаражанова, Зинарап Сыздықова, Оқас Дәрібаевтар есімдері елге танымал, өте қамқор мейірімді кісілер еді. Осы аталған сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздар біздің есімізде мәңгі сақталатыны ақиқат.

Жарты ғасырлық кездесуге келгендер бірге оқыған, бірақ өмірден ерте кеткен аяулы сыныптастарын көкіректері қарс айырыла еске алып, көз жасына ерік берді.

Аузын ашса жүрегі көрінетін, аңқылдақ мінезді Шоқан Уалиханов, Рәш Алашбаева, білімді де зерек Болат Алшынбаев, үнемі әзіл-қалжыңымен қағытып жүретін Марат Айтжанов, өнерлі де сырбаз Төрехан Райымов, томаға тұйық болғанымен анда-санда шағып сөйлейтін Батырбек Құрақбаев, Ибрагим Дүйсенбаев секілді құрдастарды еске алды. Тұла бойлары имандылық пен ибалыққа, биязылық пен нәзіктікке толы Бақытгүл Алдабергенова, Оразкүл Бекмағанбетқызы, Сәуле Смайлова сынды қыздарымыздың өмірден ерте кеткендері қандай өкінішті?! Аңқылдақтық та қарапайымдылықтың үлгісін көрсететін Қаһарман Ахметов, Бақыт Исаев, Алтынбек Жармағанбетұлы, Асылбек Орын­тай­ұлы, Нұғыман Бершінбайұлы, Нұрым Жаркенұлы секілді азамат­тардың орны ойсырап тұрды. «Осы аталған ұлдар мен қыздар қазір жанымызда отырса ғой» деген өкініш өзекті өртеді.

Ардақты ұстаздарымыз бен аяулы сыныптастарымызды еске алып, ас беру іс-шарасында Қызылорда облы­­сының Құрметті ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, аудандық әйелдер Кеңесінің төр­айымы Ұлмекен Жанәлиева, А.Тоқмағанбетов ауылының тұрғыны кезінде партия, кеңес, басқа да атқарушы органдарда түрлі жауапты қызмет атқарған құрметті ардагер Зылиха Сыздықова және марқұм ұстаздар мен сыныптастардың жа­қын­дары мен туған-туысқандары сөз сөйледі. Әруақтарды еске алып, құран бағыштап, ас беру іс-шарасын ұйым­дастырғаны үшін алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді.

Мұнан соң, 50 жылдық мерей­той­лық кездесуге қатысушылар мәре-сәре болған күйлері мерекелік ақ дастарқанда бас қосты. Бір-біріне ағыл-тегіл, телегей теңіз тілектерін арнап, балалық шақтарын еске алды. Мектеп қабырғасында жүрген кездегі кейбір қызықты жайттарды айтып, сыр шертісті. Ән шырқап, би билеп, ойын ойнап, кездесудің мәні мен сәнін келтіріп, ажарын аша түсті. Қазіргі уақытта ардақты ата, асыл әже атанып отырғандарына шүкіршілік етіп, бала-шаға, немере-шөберелерінің бо­ла­шағы жайлы әңгіме өрбітті.

Күні кеше ғана тұлымшағы жел­біреген қыздар мен мұрттары тебін­деген ұлдар бүгінде үлгілі әке мен анаға, ата мен әжеге айналған. Қазіргі таңда немере-шөбере сүйіп отырған құрбы-құрдастарыма қарап оты­рып, риза болдым. Жалпы сонау 1975 жылы мектеп бітірген 10 «А» сынып оқушылары үздік оқып, тәрбиелі болды. Мұның нақты мысалдарын айтып өтейік. Қарапайым да ақжарқын мінезді Шолпан Мәмбетова түрлі мекемелерде бас есепші болып қызмет атқарған. Ал сырбаз жігітіміз Алтынбек Тұрғанбаев аудандық салық комитетінде басшы қызметте болса, соңғы кездері ауданның бас экологы қызметін атқарған. Кезінде үздік оқыған Сәлима Әлібаева математика пәнінің білгірі, білім беру саласының үздігі болса, Роза Ұзақбаева құрылыс саласының маманы, Гүлнар Смайлова ұлағатты ұстаз, Жүсіпбек Жарқынбекұлы төтенше жағдайлар бас­қармасында қызмет атқарып, жо­ғары шенді подполковник болып зейнетке шыққан. Сыныбымыздың сұлуы да сымбаттысы, үнемі ақжарқын жайдары жүретін Раушан Оспанова мәдениет саласының майталманы. Мұрат Бекмағанбетов сазгер, әнші, мәдениет саласының үздігі, Серік Жарасбаев энергетика саласының білгірі, Шәріпжан Ерімбетов электр желісі мекемесінің бас инженері, «Шиелі жарығы» ЖШС Сырдария филиалының директоры қызметін атқарған, Мақсұт Боқаев теміржол саласының маманы болған. Бұлар ұл-қыздарымыздың бір шоғыры ғана.

Айта берсек сыныптастырымыздың бәрі дерлік абыройлы, беделді, құр­метті жандар. Мен осындай құрдас­тарым барына қуанамын, әрі оларды әрдайым мақтан етемін, ла­йым бала-шаға, немере-шөберелерінің қы­зық­та­рына тоймай, аман-есен жүре бергей деп тілек айтамын.

Сағынысып бірін-бірі аңсай кездескен түлектер келесі күнді табиғат аясында, «Қалғандария» көлінің жаға­сында қайықпен серуендеп, әңгіме-дүкен құрып кездесуді ажарландыра түсті.

Игілікті іс-шараға қатысушылар осы жарқын да жайдары жүздесуді ұйым­­дастыруға атсалысқан құрбы-құрдас­тарымыз Мақсұт Боқаевқа, Раушан Оспановаға, жеке кәсіпкер Әлібек Емжаровқа ризашылықтарын білдірді.

Жарты ғасырлық жүздесу осылайша кеудені нұрға бөлеп, жүректі тербеп, жанды жадыратты.


Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ,
журналистика саласының ардагері


14 маусым 2025 ж. 326 0