“Қарасора – 2025” жедел-профилактикалық іс-шарасы бастау алды

– Қазіргі таңда елімізде есірткіге қарсы күрес - ішкі істер органдарының басты бағыттарының бірі. Осы мақсатта Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен 1 маусым мен 31 қазан аралығында бүкіл республика бойынша “Қарасора - 2025” іс-шарасы өткізілуде. Бұл шараның басты мақсаты - есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, заңсыз өсімдіктерді өсіру мен таратуға тосқауыл қою. Облыс көлемінде бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде ұйымдастырылып, барлық аудандық бөлімшелерде мобильді және жедел-тергеу топтары құрылды. Жергілікті атқарушы органдармен бірлескен іс-қимыл жоспары бекітіліп, техникалық және кадрлық қамтамасыз ету жұмыстары толық жүргізілді. Полиция департаментінің барлық құрылымдарында сенім телефондары іске қосылды. Іс-шара басталған екі күнінде есірткі өсіруге қатысты 5 дерек анықталды. Заңсыз егілген есірткі өсімдіктері жойылды, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Бүгінгі таңда жастар арасында ғаламтор кеңістігі арқылы таралатын синтетикалық есірткілер үлкен қауіп туындатып отыр. Telegram сияқты мессенджерлерде, хабарландыру сайттарында арнайы чат-боттар арқылы жұмысқа шақыру түрінде есірткі тасымалына тарту әрекеттері белең алуда. Жасөспірімдердің құқықтық санасының жеткіліксіздігі салдарынан олар жеңіл табысқа алданып, қылмыстық әрекеттерге тартылып жатыр. Осыған байланысты ата-аналарға балаларының жүріс-тұрысына, ғаламтордағы әрекеттеріне және араласатын ортасына ерекше назар аудару қажеттігін атап өткім келеді. Есірткісіз қоғам құру - бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл жолда әрбір отбасының, әрбір азаматтың белсенді атсалысуы аса маңызды. Жастарымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірлесе әрекет етуіміз керек, – деді, Серік Әбдімәуленұлы.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі