Менің елім – Менің туым» республикалық акциясы Қызылордада кең көлемде жалғасын табуда

Қызылорда облысында аталған акция аясында Рухты жастар қаламыздың көрнекті нысандарына көк туды ілу жұмыстарын ұйымдастырды.
Атап айтқанда, «Grand Plaza» ғимаратының 11-қабатына, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің қас бетіне және жаяу жүргіншілер өткелдеріне Мемлекеттік Туымыз орнатылды.
Қазіргі таңда 30-дан астам Ту ілініп, бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Акцияның басты мақсаты — жастар арасында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мәдениетін қалыптастыру және оны кең көлемде насихаттау.
– Жастар Рухының бастамасымен Мемлекеттік Рәміздер күніне орай «Менің елім – Менің туым» акциясы бастау алды. Акция аясында еліміздің түкпір-түкпірінде көк туды ілу және оны насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Бұл – әр азаматты Мемлекеттік Туға деген құрмет көрсетуге үндейтін маңызды бастама. Барша қазақстандықтарды осы шараға белсене атсалысуға шақырамын, – деді «Жастар Рухы» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының жоба менеджері Малика Бақытжанқызы.
«Менің елім – Менің туым» акциясы — тек жастардың емес, барша азаматтардың елдік сана-сезімін нығайтатын жалпыхалықтық қозғалысқа айналуда. Мемлекеттік рәміздер — тек белгілер емес, олар — Тәуелсіздігіміздің айнымас символдары. Сондықтан бұл шара — әрбір азаматтың жүрегінде елдік рухты оятуға бағытталған.
Құрметті отандастар!
Еліміздің қасиетті рәміздерін насихаттап, жас ұрпаққа үлгі көрсету — бәріміздің ортақ міндетіміз.
Сіздерді де осы игі бастамаға белсенді атсалысып, көк байрағымызды құрметтеуге шақырамыз!