Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата заң – ел тірегі

Ата заң – ел тірегі

Осыдан 30 жыл бұрын, 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция жас мемлекетіміздің өркендеуіне қол жеткізген, зайырлы және құқықтық ел екенімізді айқындайтын Ата Заңымыз болып табылады.

Өткен 30 жылдың ішінде көптеген жаңа заңдар қабылданып, халық игілігіне қызмет етуде. Сол заңдардың қайнар көзі, бастауы- Конституция. Қолданыстағы Ата Заңымыз азаматтардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына сапалық және құқықтық негіз жасап, қоғамды одан әрі демократияландыруға кең жол ашты.  

Кез келген мемлекеттің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Елдің елдігін, сол елдің әрбір азаматының, ұлт пен ұлыстарының, әлеуметтік топтардың мақсат – міндеттері  мен құқықтарын айқындап беретін де осы Ата Заң. Басқаша айтқанда, бұл заң әрбір қазақстандық азаматтың жеке төлқұжаты іспетті. Сондай-ақ, барлық заң атаулы осы Конституция аясында жасалып, бас заңды басшылыққа алып қабылданады. Мемлекеттің тұтастығы, саясаты, елдің әлеуметтік – экономикалық дамуы, азаматтар құқығының сақталуы, демократиялық құндылықтардың барлығы осы заңның аясында топтасқан. Міне, осыдан-ақ Ата Заңымыздың құнының қаншалықты жоғары екенін аңғаруға болады.

Конституция осы уақытқа дейін азаматтардың сенімді серігіне, тірегіне қауіпсіздігінің кепіліне айнала білді деп нық айта аламыз.
Қазақстан Республикасы Конституциясының жетінші бөлімі толығымен соттар және сот төрелігіне арналған.

Ата Заңымыз бойынша Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асыратындығы тайға таңба басқандай бекітілген. Міне, сол уақыттан бері сот саласы, заң жүйесі қарқынды дамып өсу үстінде. Еліміздің кез келген азаматы өз құқығы мен бостандығын сот арқылы  қорғай алады.
        
       
Н.Е.Әбдікәрім 
Сырдария аудандық соты
әкімші басшысы
Фото: Н.Нұржаубай
26 мамыр 2025 ж. 172 0