426 түлек үлкен өмірге қанат қақты
Биылғы оқу жылы да мәресіне жетіп, мектеп бітіруші түлектер ыстық ұясынан ұшуға дайын. Арман-мақсаттары үшін мектеп қабырғасынан сусындаған білімін қару етіп, үлкен өмірге алғашқы қадамды нық баса білу – маңызды. Қазіргі таңда аудан бойынша 426 түлек алтын ұядан ұшқалы тұр. Оның 47-сі «Алтын белгіге», 48-і «Үздік аттестатқа» үміткер. Кеше ауданға қарасты 17 мектепте «Мектебім, саған мың алғыс» атты салтанатты іс-шара өтті. Барлық білім ошағындағы мерекелік жиынға аудандық мәслихат депутаттары мен дербес бөлім басшылары және зиялы қауым өкілдері қатысты. Осы орайда №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектепте өткен тағылымды іс-шараның куәсі болдық.Мектеп – мол қазынасы мөлдіреп жатқан, сол кіршіксіз таза әлемнен өзіне керек асыл мен жауһар секілді баға жетпес «білім» деген байлықты алып, өміріңе нәр беретін алтын ұя! Осы тарихқа толы мекенді артқа тастап, болашаққа қадам басқалы тұрған 33 түлек, 33 арман, 33 үміт. Әрқайсысының өмірге деген жеке көзқарасы мен тұлға болып дамуында ұстаздардың орны ерекше. Білім нәрімен сусындатып, бар білгенін үйретуде сынып жетекшілері Мөлдір Болатбекқызы мен Айгерім Ғалымжанқызының еңбегі өлшеусіз. Айтулы күнді өзгеше бір толғаныспен мектеп директоры Света Сақтапова ашып, түлектерге ақ жол тіледі.
– Әр оқушының білімінің кірпішін қалауда мектеп ұстаздарының еңбегі зор. Мектеп – тек білім ордасы ғана емес, әрбір адамның жүрегінде ерекше орын алатын қасиетті мекен. Ал бүгінгі салтанатты кеш ерекше есте қалатын тарихи сәт. Осы уақытқа дейінгі алған білімдеріңді әрі қарай жоғары деңгейде шыңдап, ұстаздарыңның, ата-аналарыңның үмітін ақтаңдар. Келешек өмірге деген қадамдарың әрдайым нық болсын. Алдағы мемлекеттік ҰБТ-дан жоғары нәтижемен қуантып, грант иегері атаныңдар, – деді Света Мұхтарқызы.
Мерекелік салтанатты кеш бітіруші түлектердің өнерімен жалғасты. Әр түлектің жанарынан үміт оты мен қуаныш сезімі байқалады. Толғаныспен шырқаған әндері көрерменнің жүрегін елжіретпей қоймады. Үйлесіммен билеген әр сәті қимастықтың көрінісін бейнелегендей. Әрі қарай іс-шара мектеп бітіргендеріне 10 жыл, 20 жыл болған түлектердің білім ордасына оралу сәтімен жалғасты.
Осыдан он жыл, жиырма жыл бұрын білім нәрімен сусындап, болашаққа қадам басқан түлектер бүгінде мектебіне сағынышпен аңсап жетті. Бітіруші түлектерге жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, ұстаздары мен мектеп қабырғасына арнайылап әкелген сый-сыяпаттарын табыстады. Салтанатты кеш соңында ардагер ұстаздар тілектерін білдіріп, ақ батасын берді.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ










