Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Салтанат Қуандықова, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры: Музей – тарихтың тірі куәсі, рухани байлықтың ордасы

Салтанат Қуандықова, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры: Музей – тарихтың тірі куәсі, рухани байлықтың ордасы

Халықтың тарихи жады саналатын музей – нағыз руханият ордасы. Көрген жанға үнсіз ұстаз рөлін атқаратын музейде өткеннің ізі, ұлт мәдениетінің негізі қалануда. Кез келген ұлттың мұрасы, баға жетпес құндылығы, тарих қойнауынан сыр шертетін жәдігерінің қоры жасақталған мәдени ошақтың қоғамда атқаратын қызметі зор. Осыдан 47 жыл бұрын «18 мамыр – Халықаралық музей күні» кәсіби мерекесін атап өту жөнінде Мәскеу қаласындағы Халықаралық музейлер кеңесінің ХІ Бас конференциясында бекітілген болатын. Міне осы уақыттан бері сала мамандары кәсіби мерекенің мезіретін сезінуде. Бұл ретте аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Салтанат Қуандықовамен сұқбаттасқан едік.

– Салтанат Нұрмағанбетқызы, аудандық та­рихи-өлкетану му­­зейінің құрылу кезеңіне тоқталсаңыз...

– Өткеннің шежіресін келешекке аманат еткен музейдің ұлт мәдениетінде алатын орны айрықша. Тарихпен тілдесудің бірден-бір жолы саналатын музейдің жұмысы тұтастығы берік ел тұрғанда ешқашан тоқтамайды. Негізінен, аудандық тарихи-өлкетану музейі алғаш қоғамдық бастамамен 1990 жылы ұйымдастырылған. Ал 1993 жылы Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде жұмысына қан жүре бастаған. Сонымен қатар 1997 жылы Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейі болып қайта құрылды. Араға 20 жыл салып, музейге қосымша ғимарат бөлініп, «Еңбек даңқы» музейі ашылды. Аудандық музейді құру жолында елдің жанашыр тұлғалары басшылық қызмет атқарды. Мәселен, 1990-1997 жылдар аралығында музейді алғаш ұйымдастырған ұстаз, жергілікті ақын Сейтмұрат Ембергенов еді. Содан кейін «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Алмагүл Сайранқызы ұжымды 20 жыл басқарып, саланың өркендеуіне сүбелі үлес қосты. 2016-2023 жылдары Сырдария ауданының Құрметті азаматы Марат Жүсіпәліұлы музей саласындағы ілкімді істерге өз қолтаңбасын қалдырды. Музейдің жәдігерлерінің толықтай жасақталу барысында өлкетанушы, қолөнер шебері Жәнібек Маханбеттің де еңбегі зор.

– Бүгінде музей қорында қанша экспонат бар, қаншалықты жәдігер қоры жасақталған?

– Музейдің негізгі құндылығы – оның жәдігері. Бүгінгі таңда музей қорында 11 мыңнан астам экспонат бар. Жалпы музей экспозициясында Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесінің депутаттары, білікті аудан басшылары, соғыс және еңбек ардагерлерінің құнды заттары сақталған. Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалімдерінің, еліміздің көрнекті жазушыларының, ауданымыздың мақ­танышына айналған тұлғалар мен ғалымдардың, дәрігерлердің, қолөнер шеберлері мен суретшілердің баға жетпес біршама мәліметінің қоры жасақталған.

Музей жәдігерлерінің ішінде Аралбай батырдың қылышы, бес қару, ат әбзелдері, ақын Абай тұтынған асадал шкаф, Сауранбай болыстың кебежесі, ағаш табағы мен керсені, Марқа Қобландиннің сандығы, 200 жылдық тарихы бар шаңырақ, 1 ғасырлық тарихы бар ағаш төсек, киіз үй жабдықтарымен бар. Сонымен қатар музейге келген қонақтың барлығы түкті және тақыр кілемдер, тұскиіздер, қоржындар мен кесеқаптар, мыс көзелер және керамикалық көзе, қобыз коллекциялары, зергерлік бұйымдарға, құнды қолжазбаларға, түрлі деректі суреттер мен құ­жаттарға қа­нығады. Айта кетейік, ҚР Сурет­шілер Одағының мү­­­шелері Ш.Сейтмұратовтың, Ш.Сәменовтың, Ж.Маханбеттің, Ж.Исмағұловтың туын­­­­дылары – музейдің тарих шы­рақ­шысы, ұрпақтан-ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін маңызы зор орын екенін дәлелдей түседі.

– Ауданда қо­ғам­дық негізде жұмыс істейтін музей туралы толыққанды айтып бересіз бе?..

– Аудан бойынша 7 қоғамдық негізде құрылған музей есепке тіркелген. Оның ішінде, Нағи Ілиясов және Бесарық ауылында ашылған қоғамдық негіздегі музейді жасақтау және келген қонақ­тарға экспозицияны таныс­тыруда еңбек етіп жүрген Сырдария ауданының Құрметті азаматы, тарихшы Нұрмағанбет Ибадуллаұлы мен өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы өз ісінің білгірлері саналады. Ел ағалары ауыл тарихын қамтитын шежірені, құнды жәдігерлерді бүгінге дейін, яғни келешек ұрпаққа жеткізу ісінде зор жауапкершілік танытуда.

– Биыл жеңістің 80 жылдығы елімізде кең көлемде аталып өтілгені мәлім. Жеңісті жақын­дат­қан майдангерлердің құнды мұрасы қалай жасақталуда?

– Шын мәнінде, музей қорын толықтырудың көптеген жолы мен әдісі бар. Солардың бірі – «Музейге сый» акциясы болып табылады. Бұл акцияның негізгі мақсаты – ұлттық тарихи-мәдени мұраларымызды сақ­тау мәселесіне қоғам назарын аудару, ел арасында елеусіз жатқан тарихи маңызы бар құнды дүниелерді, ұлы тұлғалардан бізге жеткен жәдігерлерді жинақтау, кәсіби тұрғыда сақтау, көпшілік назарына ұсыну екені даусыз. Соңғы жылдары аудандық музей ұжымы «Музейге сый» акциясын үздіксіз өткізуді дәстүрге айналдырған. Музей қорындағы жәдігер санының артуына бұл бастаманың қосар үлесі зор. Атап айтар болсақ, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай жерлестеріміз соғыс және еңбек ардагері Зинаддин Лекеров, Болат Нұрсейітов, Маханбет Бержанов, Арғынбай Сырғабаев, Беркінбай Кәденов, Әбдібахит Нұрманов, Спандияр Сманов, Сүйеубай Тасқынбаев, Асан Көшербаев, Темірғали Қауышев, Әбіл Таңсықбаевтың орден-медальдары, құжаттары, тұтынған заттары музей қорына қабылданып, зал экспозициясынан орын алды.

– Сіз басқаратын ұжым туралы оқырманға ақпарат берсеңіз.

– Бүгінде аудандық тарихи-өлкетану музейінде 13 адам жұмыс жасайды. Сала мамандары ғылыми, тарихи негіздегі мәліметті тереңнен зерттеп, жергілікті халыққа ұсынады. Сала мамандары ұлт руханиятын байы­ту жолында өздеріне үлкен міндетті жүктеп алған. Ел-халықтың игілігі жолында табанды еңбек ете береміз. Негізінен, музей экспозициясымен танысуға Болгария Республикасының азаматы Семьен Пешов, КСРО халық әртісі, Қазақстанның халық әртісі, халық қаһарманы Роза Бағланова, ақын Қайырбек Асанов, ҚР еңбегі сіңген мұғалім Сақыбек Алданазаров, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов, Бұқарбай батырдың шөбересі Жоламан Алданазаров арнайы келген. Сонымен қатар қырғи тілді ақын Асқар Тоқмағамбетовтің балалары мен немерелері, Ақпарат және қоғамдық министрлігінің қыз­мет­кері Ғазиз Телібаев, әнші-сазгер Тінәлі Әшірбек, Қазақстан Өкіметі кеңсесінің жауапты қызметкері Бисенғали Баспақов, ардагер Камал Бердаулетов, республикаға аты белгілі ақын, аудармашы Сейфулла Оспанов, «Үркер» журналының бас редакторы, жазушы Қуандық Түменбай, музей қызметкерлерінің жұмысына жоғары баға берген. Ал Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қ.Әбішев, ҚР Жоғарғы со­ты­ның төр­а­ғасы Қайрат Мәми, ҚР Парламент Сена­тының депутаты Д.Досмам­бетов, «Хабар» теле­­арнасының қыз­меткері Сағат­бек Қалиұлы, «Ал­тын Орда» жур­налының бас редакторы, Жазушылар Одағының мүшесі Мейірхан Ақдәулетұлы, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, ҚР мемлекеттік қызмет ісі бойынша басқарма агенттігінің бас маманы Жазира Жылқышиева, Қазақстан Теміржолының алғашқы генерал қызы, профессор Рысты Хасенова, Сенаттың Халықаралық қатынас қауіпсіздік және қорғаныс комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов, ақын Қадыр Мырза-әлі, ҚР Мәдениет вице-министрі Ғ.Тұрысбекұлы, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір секілді ел азаматтары құрмет кітапшасына өз қолтаңбасын қалдырып, жылы лебізін білдірген.

                                     

– Биылғы кәсіби мерекені іргелі ұжым ерекше жағдайда қарсы алып отыр. Яғни аудан­дағы өзіндік орны бар жаңа­дан ашылған «Руханият орта­лығына» көшірілді. Жаңа ғи­ма­рат­тағы ілкімді істерге тоқ­таласыз ба?

– Былтыр өздеріңізге белгілі, «Сыр елі – жыр елі» атанған қасиетті өңірде «Руханият жылы» жарияланды. Сыр елінің жауһар жәдігерлерін сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге және тәуелсіздіктің қасиет-құндылығын ұғындыруға әрбіріміз жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Осы мақсатта облыс әкімі Н.Нәлібаевтың бастамасымен өңіріміздің 7 ауданында да Сыр өңірінің рухани қазынасын толтырып, мәдениетіміз бен әдебиетімізді дәріптейтін «Руханият орталығының» іргетасы қаланып, бой көтерді. Осы жылдың ақпанында бұл ғимарат мәдени-тарихи нысандардың қол­же­тім­ділігін арттыруға негізделген өңір­лік бағдарлама аясында салынды. Мұнда ауданымыздың тарихын тар­қататын аудандық музей халыққа қыз­мет етуде. Қазіргі уақытта мә­дени-көпшілік, мерекелік, сан түр­лі форматтағы қаншама іс-шара жоғары деңгейде өткізіліп, аудан тұрғындары мен қонақтары құнды жәдігерлермен та­нысып, оң бағасын беруде. Әсіресе, му­зейге келушілердің экспозицияны жасанды интеллект арқылы тама­шалауы ерекше әсер қалдыруда. Сонымен қатар ғимараттың төменгі бөлігінен берілген қор бөлімі де тиісті талаптарға сәйкес жасақталып, музей қорындағы жәдігерлердің дұрыс сақталуы, температурасы мен орналасуы қамтамасыз етілді.

«Руханият орталығы» қашанда жергілікті тұрғындарға есігін айқара ашадаы. Ұлттың негізгі мұрасын жасақтау барысында және жаңа орталықтың жұмысын жетілдіруде аянбай еңбек ете береміз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ

17 мамыр 2025 ж. 190 0