Шаңырақ шайқалмасын десек...

Өмірде жұптардың әрқашан сыйластықта болуы арқылы сабырдың кетпеуіне аса мән беру керек. Қазіргі уақытта отбасындағы жанжалдың сан түрлі жағдайы кездеседі. Әлеуметтік жағдай мен отбасындағы зорлық-зомбылықтың салдарынан екі ортада бала зардап шегетіні анық. «Бақытсыз бірге болудан, тыныш жалғыздық артық» деген қағиданы ұстанатын отбасы мүшелері шаңырақты шайқалтуды әбестік көрмейді. Шындығында, екі жаққа кеткен тағдырдың артында бір-бірін түсіне алмаған жұптардың баянсыз өмірі жатыр. Кез келген ерлі-зайыпты бірге тұру – татулықтың кепілі емес, бір-бірін бағалау екенін сезінгені абзал. Расында, бір күндік реніш үшін өмірлік шешім шығаруға асықпаған жөн.
Жаңа Салық кодексінің жобасында некені бұзу үшін баж салығын көбейту керектігі ұсынылды. Өз кезегінде жаңа жоба бойынша 0,5 АЕК-тен 5 АЕК-ке көтеру жөнінде айтылған. Бірақ, халық қалаулылары ажырасу үшін баж салығын тіпті 20 емес, 200 АЕК-ке дейін көтеру керегі хақында бастама көтерген. Десек те, салық көлемін көбейту – ажырасу көрсеткішін азайтады дегенге сену қиын. Бүгінде үйлену де, екіге бөліну де оңай болып кеткен. Біле білген адамға отбасындағы тұрақтылықты сақтау – ерлі-зайыптының ортақ міндетіне кіреді.
– Қазіргі уақытта жастар арасында ажырасу дерегі көбейіп отыр. Үй болудың қамын ойлай бермейтін олардың шалыс қимылы өмірлеріне тікелей әсер ететіні жасырын емес. Бір жастықта қартайып, ғұмыр бойы бақытты жүруді арман еткен қаншама жұптың екіге кетуіне қоғамдағы көптеген жағдай әсер етеді. Күнделікті отбасылық жанжалдың ақыры ажырасумен аяқталады. Біз қашанда жаңадан некеге тұрған жандарға отбасын сақтай отырып, бір-біріне кешірімді болу керектігін баса айтамыз. Кез келген ата-ана баласының бақыты үшін ештеңеден аянып қалмайды. Отбасында үлкендер жастарға жол көрсетіп, барлығы оңайлықпен келмейтіндігін ұғындырғаны дұрыс, – дейді аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Салтанат Бекжүнісова.
Қаржылық қиындық, зорлық-зомбылық, әлеуметтік тұрақсыздық, бір-біріне деген сенімсіздік секілді көптеген фактордың шешімі – бас салып ажырасу емес. Жыл сайын «15 мамыр – халықаралық отбасы күні» мерекесі аталып өтіледі. Айтулы күнде шаңырақты шайқалтуға бейім ерлі-зайыптылар хақында қалам тербедік. Некеге тұру, отбасы болу – есі кетіп, есіргеннің ойыны емес. Зардабы орасан түйткілді мәселенің мәнісіне тереңнен бойлай алмайтын отбасы мүшелері ойланбай жасалған шешімнің нәтижесінде жазықсыз балалар жапа шегетінін естен шығармағаны жақсы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Н.Нұржаубай
Фото: Н.Нұржаубай