Қазақстандықтар отбасын құру үшін арнайы курстан өтеді
Ендігі жұбайлар үшін отбасын құру тек той қамын қамдаумен, кит пен дүние түгендеумен шектелмейді. Некеге тұрмас бұрын қазақстандықтарға бір ай көлеміндегі арнайы курстан өту міндеттелуі мүмкін.
Тамаша емес пе! Қазіргі таңда қоғамда ажырасу деңгейі артқан. Оған түрлі себеп болуы мүмкін. Таяқтың екі ұшы бары да рас. «Ерлі-зайыптының ортасына есі кеткен түседі» десе де, жас отбасыға ібілістің араласатын жағдайы жиі кездеседі. Жас отбасынан бұрын бірнеше жыл отасқан, балалы-шағалы жұптар да ажырасу үшін сотқа арыз жолдап жатады. Түптеп келгенде, ажырасу – Аллаға ең жағымсыз іс.
Осы орайда Мәжілісте қаралып жатқан заңда осыған ұқсас бөлік бар. Яғни, жұптар отбасын құрмас бұрын дайындық курсынан өтеді. Бұл туралы Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров мәлімдеді. «Қазір Мәжілісте тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасы қарастырылып жатыр және онда осындай бөлік бар. Яғни отбасын құрмас бұрын кемінде бір ай жастарды оқыту жоспарланып отыр. Әзірге қарастырылып жатыр, бірақ нақты бекітілген жоқ» деді ол. Спикердің айтуынша, жастарды тәлімгерлер мен психологтар оқытып, даярлайды.
Не нәрсенің де дұрыс болмауы – білімсіздіктен. Бұл орайда да жастардың алдын ала жан-жақты білім алып барып, маңызды қадам жасауы орынды. Десек те бұл тұста әр адамның отбасында алған тәлімі мен тәрбиесі, одан бұрын өзінің сана-сезімі маңызды рөл ойнайтыны анық. Бірақ шаңырақ құрмас бұрын үлкендердің батасын алу қандай қажет болса, білікті мамандардан арнайы білім толықтыру да артық болмас еді.
Айта кетейік, 2023 жылы елімізде 120 мың неке тіркелсе, 16,7 мың ажырасу тіркелген.
«Тт» ақпарат,
Фото: Ашық дереккөзден