Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Аңсаған сәби» – бақыт бастауы

«Аңсаған сәби» – бақыт бастауы

Бүгінде бедеуліктен зардап шегіп, соның салдарынан айрандай ұйыған берекесінен айрылған отбасылар көптеп кездеседі. Отбасында сыңғырлаған сәби күлкісін естуге зар болған ерлі-зайыпты кикілжіңге келіп, нәтижесінде елімізде ажырасу деңгейі де күрт көбейді. Бұл мәселе тек қана біздің мемлекетті емес, жалпы дүниежүзін алаң­датып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мем­лекетімізде жаңадан отау құрған жұптардың 15 пайызы бедеулікке шалдыққан. Нақты цифрлық көрсеткіштерге жүгінсек, республика бойынша 14 мыңға жуық әйел бедеу, мыңдаған еркек белсіздіктен зардап шегуде.

Ел Президенті 2020 жылдың 1 қыркү­йегінде «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа ұсынған Жолдауында мемлекетімізде орын алып жатқан бала туу көрсеткішінің төмендігі жөнінде тілге тиек етіп, бұл мәселемен жұмыс жасау керектігін алға тартты. Мәселенің алдын алу мақсатында «Аңсаған сәби» бағдарламасы Прези­денттің басшылығымен өз жұмысын бас­тады. Жобаның негізгі мақсаты – экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квота санын 7 есеге дейін арттыру және ерлі-зайыптылар арасындағы бедеулікті азайту.

«Аңсаған сәби» бағдарламасына кез келген азамат өтінім бере алады. Өтініш иесінің жасы 18 бен 49 жас арасында болуы басты талаптардың бірі ретінде ескеріледі. Жобаның бастау алған уақыты мен биылғы жылға дейін шамамен жобаға қатысқан 3300 отбасында 4000 бала дү­ниеге келген. Ал, 2000-ға жуық әйел жүк­тілігі бойынша қаралуда.

Мүмкіндігі жоқ жанға жасанды жолмен балалы болудың құны да едәуір. Табиғи жолы тағдырына жазылмаса, құнын төлеп құшағына сәбиін алса болады. Бірақ, жасанды ұрықтандыру балалы болуға жүз пайыз кепілдік бермейтінін де назардан шығармаған абзал.

Айта кетейік, елімізде экстракорпоральды ұрықтандыру мүмкіндігі 2010 жылдан бастап қолжетімді. Бірақ квота санының аздығы көп отбасының үкілі үмітін өшіргендей болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізілген жұмыстар бүгінгі таңда өз нәтижесін беріп келеді. Қазіргі таңда елімізде 26 ЭКҰ орталық жұмыс жасайды. Ал «Аңсаған сәби» бағдарламасы 2025 жылға дейін жалғасын таппақ. Қаншама отбасының қуанышына себеп болған жоба алдағы уақытта да бірқатар отбасына бала сүй­гізіп, еліміздегі бедеулік дертін кемітеді де­ген үміттеміз.

Жалпы, мамандар жүргізген сауална­маға сәйкес, Қа­зақстандағы ажырасу жағдайының 20 па­йызында негізгі себеп­тің шаңырақта сәби үнінің естілмеуі екенін ескерсек, елімізде ендігі ажырасу да азайса керек.

Назым ӘБІЛХАЙ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
журналистика факультетінің
1-курс студенті

06 маусым 2023 ж. 269 0