Майдангерге – мәңгілік құрмет

«Адамзат тарихында теңдессіз ерлік жасаған әкелеріміз бен аналарымыздың қажымас қайсарлығы, ерен еңбегі және көзсіз қаһармандығы халқымыздың жадында мәңгі сақталады» деп атап көрсетті Мемлекет басшысы өз сөзінде. Сырдария топырағынан шыққан Кеңес Одағының Батырлары Нағи Ілиясов пен Жаппасбай Нұрсейітов бастаған соғыс ардагерлерінің есімін мақтанышпен айтуға болады. Нақтырақ айтсақ, Сырдария ауданынан Ұлы Отан соғысына 3 мыңға жуық азамат аттанып, жартысынан көбі туған жерге оралмаған. Ол боздақтардың ішінде баршамыздың ата-ағаларымыздың бары анық.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері туралы сөз қозғағанда бүгінде Сырдария ауданының тұрғыны, 103 жастағы батагөй ақсақал Яхия Тасыровтан бастау орынды деп ойлаймыз. Небәрі 19 жасында әскерге алынып, келер жылы-ақ майданға аттанған ардагердің жастық жалынды шағы сұрапыл соғыс даласында өтті. Кім үшін? Не үшін? Көзсіз ерліктің артында келешек ұрпағына деген жанашырлық, елдің амандығы, халықтың арқалатқан жүгі тұрды. Соғыс жылдарында Сталинградты, Курскіні, Бараович пен Польшаны жаудан азат етуге қатысқан. Бұл туралы ардагердің өз аузынан естіген едік. Не дегенмен көзбен көргенді баян еткен бір бөлек. Ақсақал кейінгі қарттық жеткен жылдардағы кей оқиғаны естен шығарып-ақ қалғанымен, сонау соғыс жылдарындағы зұлматты жадынан шығара алмайды. Қайдан шықсын?! Сұм соғыс қаншама азаматтың жанын жалмап, жастығын ұрлап, талай отбасыны зар қақсатқан еді. Бірнеше жыл бұрын Ұлы Жеңіс күні қарсаңында өткен кезекті бір кездесуде майдангердің естелігін өз аузынан естіген едім. Өте әсерлі, тіпті естіп отырып, жаның ауырады. Осындай ерліктен де биік батырлықтың үлгісін көрсете білген азаматтың ақ батасын алып, көзін көрген біз бақытты, тәуелсіз елдің ұрпағымыз.
Дана халқымызда «сүйегі асыл» деген сөз тіркесі бар. Әдетте ұзақ өмір сүрген, тың, епті кісілерге қарата осылай айтылып жатады. Ауданымыздың ардақты ақсақалы Яхия Тасыров осындай асыл сүйекті, адал ниетті қария десек, артық айтқандық емес. Әрине көзі тірі тарих, майдангерден талай мәрте сұхбат алып, аудандық газет бетіне жарияладық. Осындай кезекті бір сұхбатында қария осы жасқа келсе де күніне бірнеше шақырым жаяу жүретінін, суды көбірек ішіп, таңертеңгілік жеңіл-желпі жаттығу жасайтынын айтқан еді. Қарияның ұзақ әрі саналы ғұмырының сыры да осында болса керек. Алла қуат беріп қазір де өзін тың, сергек сезінетін ақсақал ара-тұра кішкентай шөберелерін де ойнатып жүреді екен.
Ардагер бүгінде қоғам өмірінен де бей-жай емес. Денсаулық жағдайы келсе, осыдан бір-екі жыл бұрын кездесу іс-шараларына арнайы қатысатын. Қазіргі таңда түрлі деңгейдегі сайлау өтсе де, абыз ақсақал алғашқылардың бірі болып, сайлау үйіне арнайы барып, өз таңдауын жасайды. Сондай-ақ аудандық газетті де оқитынын айтады. «Көзім уақыт өткен сайын нашарлады. Кейді бұлдырайды. Бірақ жолымды көремін, адамдарды танимын. Газеттегі үлкен жазуларды оқи аламын» деген еді батагөй ақсақал газет мамандарына берген сұхбатында. «Жазудың қадірін, қағазға түсірілген дүниенің маңызын бізден артық білетін ешкім жоқ шығар. Өйткені біз майданға кеткен ұлынан асыға хабар күтіп, пошташыға қарап телмірген, үлкен-кіші жиі хат жазысқан заманның көзі тірі куәгерлеріміз. Сондықтан баспасөзге жарияланған материалды жібермей қарап шығуға тырысамын. Әлі есімде, біз соғысқа аттанған жылдары елге хат жазсақ, ол хаттарымыз газетте жарияланып жататын. Кейін елге жеңіспен оралғаннан кейін де майдангерлер туралы көп мақала жарияланды. Бала күнімнен мерзімді баспасөзді ынтамен оқимын. Қазір көзімнің сәл нашарлағаны болмаса... Кейде немерелерім дауыстап оқып береді» деді қарт жауынгер.
Ауданымыздың тірі тарихы, Жеңістің куәгері Яхия Тасыровқа ел-халықтың құрметі ерекше. Облыс, аудан әкімдері де атаулы мерекелерде қарияға құрмет көрсетіп, шаңырағына арнайы барып сәлем беріп, ақ батасын алады. Батагөй ақсақал жадынан шыққан ақ батасын арнап, балаша қуанып қалады. Бата демекші, 103-тегі қария бата сөздің небір алуан түрін жатқа біледі. Тіпті сөзі ойға қонымды бата естісе, бірден жаттап алады екен. Ақ батаны ақ көңілінен, өз жанынан да шығарып айтады. Аудандық аурухана дәрігерлері де қарияның денсаулығын жіті бақылап отырады.
Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров 1922 жылы Тереңөзек ауданының бұрынғы Ақтүйе (қазіргі Қараөзек) елдімекенінде дүниеге келгенін атап өту орынды. Соғыс біткеннен кейін 1945 жылы аман-сау елге оралып, елдегі еңбекке араласқан. Майдангер ерен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ұлы Отан соғысы» І-ІІ дәрежелі орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
«Мен үшін Отаныма адал солдат болудан артық бақыт жоқ» деген ұранды жалау етіп, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен де, Отан қорғау жолында ең көп қырылған да қазақ солдаттары еді. Биыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Ұлы Жеңіс мерекесі – жүрегі «Отан» деп соққан әрбір азаматтың үлкен қуанышы. Бүгінгі жас ұрпақ Жеңіс күнін аға ұрпақтың Отанымызға деген шексіз сүйіспеншілігінің үлгісіндей әрқашан есте сақтайды. Ұлы Жеңістің тарихи маңызын бағалап, қадір-қасиетін дәріптеп, халқымыздың өшпес ерлігіне құрмет көрсету – азаматтық парызымыз!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ