Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 33 газет

06 мамыр 2025 ж.

№ 32 газет

03 мамыр 2025 ж.

№ 31 газет

29 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Ауданнан әскерге 35 сарбаз аттанды

Ауданнан әскерге 35 сарбаз аттанды

Әрбір адамның Отанды сүю – міндеті, қорғау – парызы екені даусыз. Расында, талай уақыт тар жол, тайғақ кешуді бас­тан өткерген ұлтымыздың өр мінезді ұландары туған елді қасық қаны қалғанша қорғайтыны жасырын емес. Елдің қорғанысы беки түскен мезетте ішкі және сыртқы жағдайдың тұрақтылығына аса мән беріледі. Егемендікке сызат түспеу үшін тәуелсіз елдің шекарасын шегендеп, сарбаздар бейқам өмірдің қорғанышы атанып жүр. Ауданның қорғаныс саласының жұмысымен арнайы бөлім айналысады. Бүгінде подполковник Жомарт Пірназаров жетекшілік ететін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің ұжымы жүйелі қызметімен көпшілікке белгілі. Мереке аясында бөлім басшысы Жомарт Рахмеддуллаұлымен арнайы сұхбат құрған едік.

– Жомарт Рахмеддуллаұлы, ең алдымен өзіңіз басқаратын бөлімнің құрылу тарихына қысқаша тоқталсаңыз...

– Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің тарихы тереңде жатыр. Құрылғанына 90 жылға жуықтаған бөлімнің бір сәтке жұмысы бәсеңдеген емес. Әр жылдары қорғаныс саласын жандандыруға сала мамандары ұжым болып атсалысты. Ең алғаш әскери комиссариатына аға лейтенант Шәкір Айбосынов жетекшілік еткен. Кейіннен ел азаматтары саланың өркендеуіне үлес қосу мақсатта басшылық қызметіне тағайындалып отыр­ған. Олардың қатарында Орынбасар Қожабаев, Ғаппар Нұрпейісов, Ибрагим Жанқараев, Зейнатулла ­Хасанов, Владимир Троянов, Роллан Өмірзақов бар. 1996 жылы Жалағаш ауданы мен Сырдария ауданы ҚР Үкіметінің шешімімен біріктірілген. Қос ауданның қорғаныс саласы 11 жыл бойы бірлесіп жұмыс атқарды. 2008 жылы ҚР Қорғаныс министрлігінің дирек­тивасымен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қайта жасақталды. Қайта құрылған бөлімге Мақсұт Сүлейменов 4 жыл жетекшілік етті. Бұдан кейін Чингис Утжанов, Ерлан Абдулаев, Ақназар Усербаев, Ермек Досмухамедов бас­шы­лық қызметте болды. Шын мәнінде аудандық қорғаныс бөлімінде тек қана қатаң тәртіпке бағынған жандар қызмет етеді. Әрине, тәртіп бар жерде сапалы қызмет өрбитіні айқын.

– Бүгінде азаматтарды көктемгі әскерге шақыру барысы қалай жүзеге асуда?

– Негізінен, біздің бөлім арқылы 2025 жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмысы өз деңгейінде жүзеге асуда. Аудан бойынша нау­рыз айынан бері 35 азамат ҚР Қарулы күштер қатарына кіріп, Отан алдындағы борышын өтеу­ге аттанды. Осы кезде ҚР Қорғаныс және Ішкі істер министрлігінің Ұлттық Ұлан әскери бөлімдеріне сарбаз жөнелтілуде. Сонымен қатар елімізде 65 жоғарғы оқу орнына әскерде жүріп, емтихан тапсырмастан, тиісті грант иегері атануға болады. Осы жылы 6 азамат келісімшарт бойынша әскери қызметке жұмысқа орналасты. Өз кезегінде 9-11 сынып оқушыларын жоғары және арнаулы орта оқу орнына түсіру үшін құжаттары дайындалуда. ҚР қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебіне ақылы түрде 40 күндік курсынан 24 жастан бастап өтуге мүмкіндік бар.

Биыл Жеңістің 80 жылдығы елімізде ауқымды түрде тойлануда. Өңірімізде көзі тірі 2 майдангер бар. Оның бірі – сырдариялық Яхия Тасыров. Бұл ретте, майдангерге бөлім тарапынан қандай құрмет көрсетілуде?

– Соғыс жылдары сұрапыл майдан даласында ел үшін кеудесін оққа тосқан майдангеріміз Яхия Тасыровқа ұжым тарапынан айрықша құрмет көрсетіліп келеді. Жақында Яхия Тасыровтың өзі тұратын көпқабатты үйінің қасбетіне арнайы құрмет белгісі ретінде тақта орнатылды. Мереке аясында ҚР Қорғаныс министрлігінің арнайы сый-сияпаты мен мақтау қағазы тапсырылады.

– Іргелі ұжымда қанша маман бар?

– Бөлімде 10 қызметкер, 3 офицер маманы жұмыс жасайды. Бөлім басшысының орынбасары Бахытжан Сейтов пен Дәулет Егізбай бастаған мамандарымыз сапалы қызмет етуге тырысады. Бейбіт күнде ел тыныштығын күзетуден артық ешбір бақыт жоқ.
Барша Отан қорғаушыларды мерекемен құттықтаймын!

Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ

06 мамыр 2025 ж. 104 0