Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Айбынды әскер – ел қорғаны

Айбынды әскер – ел қорғаны

Тәуелсіз еліміздің негізгі қорғаны – қуатты әскер екені даусыз. Қашанда өскелең ұрпақты тәрбиелеуде Отанға деген сүйіспеншілікті бойына сіңіріп, патриоттық сезімді қалыптастыра білген абзал. Ел іргесінің сөгілмеуіне тікелей жауапты жас өркен кез келген уақытта тұтас мемлекеттің қалқаны болуы тиіс. «Тар жол, тайғақ кешуді» бастан өткерген қазақ халқы айбынды әскеріне арқа сүйейтіні жасырын емес. Сондықтан қай кезде де ұлт ұландары саптағы сарбаз қатарына қосылуға дайын болуы шарт.

Желтоқсан айында күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру аяқталады. Сырдария аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі есепті мерзімде жергілікті жастарды Отан алдындағы борышын өтеу мақсатында әскери бөлімдерге жолдауды жүзеге асыруда. Осыған дейін сырдариялық 40 азамат елдің, жердің қадірін түсініп, әскерге аттанған болатын. Қазіргі уақытта олар Астана, Алматы, Талдықорған, Қапшағай, Шымкент, Тараз қаласындағы әскери бөлімшелерде өздеріне қойылған міндеттемелерді мүлтіксіз орындауда. Сонымен қатар Ұлттық ұлан әскери бөлімдеріне сарбаз жөнелту жоспар бойынша жүргізілуде.

– Даңқты қолбасшы, жаужүрек батыр Бауыржан Момышұлының «Ерлік – тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлықтан шығады» деген даналық сөзін еш уақытта жастар жадынан шығармағаны жақсы. Әрине, ер жігітке қашанда елін қорғау абыройлы борыш саналады. Негізінен, елімізде 65 оқу орны бойынша әскерде жүріп жастар емтихан тапсырмастан грант иегері атануға болады. Өз кезегінде әскерде 6 ай қызметін атқарған азамат келісімшарт негізінде жұмыс жасауына толықтай мүмкіндігі бар. Осы күні Қызылорда қаласындағы әскери бөлімдерге жұмысқа қабылдау жүргізілуде. Айта кетейік, жыл басынан бері аудан бойынша 13 азамат келісімшартпен еңбек етуге кіріскен. ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебіне 24 жастан ақылы түрде қабылданып, 40 күн курстан өтуге болатындығын ескертеміз, – дейді Сырдария аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысының міндетін атқарушы, майор Бақытжан Сейтов.

Шын мәнінде, еліміздің қорғаныс саласында түйткілді мәселе көп. Сан салаға бөлінген қазақ әскерінің айналысында атқарылар ауқымды жұмыс көп. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов осыдан бірнеше ай бұрын қорғаныс саласына қатысты біршама мәселенің тиегін ағытып, айбынды әскердің әлеуетін саралаған болатын. Сенатор әскер беделінің төмендеп кеткенін тілге тиек етіп, сарбаздарды барынша қолдауға шақырған.

– Қазақтың ақыны Мұзафар Әлімбаевтың мынада
й өлең жолдары бар: «Түрсіз ғой» деп, түсіне, Тыжырынба, ардақтым! Сұр шинелдің ішінде, Жүрегі бар солдаттың». Біз тілге тиек етіп отырған мәселенің бірі – сарбаздың жүрегіне үңіле алмай жатамыз. Біздің әскеріміздің алдында екі өзекті мәселе тұр. Біріншісі – әскердегі сарбаздардың жәберленуі, екіншісі – әскер беделінің төмендеп кетуі, – деген сенатор сала мамандарына Алаш қайраткерлерінің өзі ұлттық мемлекет құру идеясын ұлттық жасақтар құрудан бастағаны бекер еместігін алға тартты. Расында, Руслан Рүстемұлы келтірген мәліметке сүйенсек, әскерге міндетті борышкерлердің 60 пайызы енжарлық пен қорқақтықтан бас тартса, 30 пайызы жарамсыздық себебінен әскерге бармайды екен. Ал қалған 10 пайызы өздігінен әскерге ынталы болып табылады. Сондай-ақ сенатор көтерген ұлттық идеология мәселесі өздігінен ақсап жатыр. Сапта тұрған сарбаздың 80 пайызы ауыл баласы бола тұрып, мемлекеттік тілді кеңінен қолданбау нағыз әбестік екенін сала мамандарына халық қалаулысы нықтап жеткізді.

Негізінен, әскердегі әлімжеттік салдарынан қаншама жастың өміріне балта шабылды. Ел қорғаны болатын сарбаздың әскердегі жағдайына алаңдаушылық білдіретін ата-ана баласын Отан алдындағы борышын өтетуге құлықсыз. Есепті мерзімде аудан көлемінде 40 азамат әскерде борышын өтеуге жалтарып жүр. Сала мамандары тарапынан түсіндірме жұмысы жүргізілгенімен, жауапкершіліктен қашатын жастар қатары жеткілікті.

Аяқ-қолы сау, денсаулығы бола тұрып, әскерден жалтарған азаматтардың ісі құптарлық дүние емес. Тәуелсіздіктің тұрақтылығына сызат түспес үшін айбынды әскер қатарында жүректі сарбаздар орын ала білуі тиіс. Өз міндетіне салғырт қараған жандардың ісі ешбір ақтауға келмейді. Әлем елдеріндегі шиеленіскен ахуалдың салдары мемлекетімізге орасан зор әсер етуі мүмкін. Сондықтан жауапкершілікті айқын сезінген жастар әскери ұрыс-тактиканы меңгеріп, елін, жерін қасық қаны қалғанша қорғаса құба-құп.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөзден
12 желтоқсан 2023 ж. 280 0