Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отанды сүю – міндетің, қорғау – парызың

Отанды сүю – міндетің, қорғау – парызың

Жас ұрпақты тәрбиелеуде Отанға, халқына, ел­ге, жерге деген сүйіспеншілікті бойына сіңіртіп, қа­лып­тастыру алдыңғы қатарға қойылады. Себебі мем­лекеттің жарқын болашағы саналатын жас өр­кен қандай жағдай болсын елдің қалқаны болуы міндетті. Сондықтан да талай тар жол, тайғақ ке­шулерді басынан өткерген қайсар халқымыз елді, жерді қорғаудың қадірін ерте түсініп, ұлын ұлттың қорғаны болуға тәрбиелеген.

Ішкі-сыртқы жағдайлар тұрақты бол­ғанымен әрқашан мемлекеттің қор­ғанысы мықты болуы шарт. Әйт­песе, мемлекеттің егемендігіне сызат түсуі мүмкін. Сол себепті де ер жігітке Отанды қорғау абыройлы борыш саналады. Бұл жолда қазақ жігіттері қайсарлығымен, ба­тыр­лы­ғымен, шыдамдылығымен Отан ал­дындағы парызын өтеп, Тә­уел­сіз Қа­зақстанның қорғанысын қам­тама­сыз етіп келеді. Осындай бейқам өмірдің тыныштығын күзетіп жүрген ерлерге жылдың бір күні арналып, құрмет жоралғысы жасалады.

7 мамыр – мемлекетіміздің қор­ға­ныс қабілетінің кемелдігін көрсе­тетін күн. Бұл күн осыдан 30 жыл бұрын бекі­тілді. 1991 жылы 25 қазанда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылған еді. Кейіннен мем­лекетіміздің қорғаныс мәселелерін толық түрде жеке шешу үшін Қазақ КСР мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорға­ныс министрлігі болып қайта жа­сақталды. Ал 1992 жылдың 7 мамырында Елбасы ҚР Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Егемен елдің заңдық құқықтары не­гіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы келісімдерге орай Жарлық бойынша Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күш­тер өздерінің мүліктерімен қоса мемлекет қарауына өтті. Содан бастап осы күн «Отан қорғаушылар күні» болып жарияланды. Бұл күн – тәуелсіз еліміздің тұрақтылығын, қорғаныс қа­білетінің мықтылығын білдіретін та­рихи күн.

Қаһарман батырымыз Бауыржан Мо­мыш­ұлы «Отан үшін отқа түс, күй­мейсің» дейді. Осы жолда жүрген еге­мен елдің сақшылары халықтың бейбіт күн кешуі үшін қырағылық танытуда. Мықты әскер қатарында ел тыныштығын күзетіп, ішкі-сыртқы қақ­­­­­тығысқа тойтарыс беруге әр­кез дайын. Ол үшін Отан қорғаушылар жылдан-жылға шеберлігін арттырып, әртүрлі халықаралық әскери жаттығуларда жоғары жауынгерлік даярлықтан өтіп келеді. Еліміздегі әскери күштің мықтылығын жыл са­йынғы атаулы мерекеде болатын әскери парадтан көруге болады. Қаз-қатар сап болып түзелген Қазақстан Қарушы Күштері «достасқанға құшақ ашар туыспын, қастасқанға қиып тү­сер қылышпын» деген қағиданы көрсетеді. Айта кету керек, өткен жылы пандемияға байланысты әс­кери парад өткізілген жоқ. Биыл да Қазақстанның Қорғаныс министрлігі «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» мен «9 мамыр – Жеңіс күніне» әскери парад өткізілмейтінін хабарлады.

Отан алдындағы қасиетті борышты өтеу әрбір азаматтың міндеті болса, бүгінде жастар күзгі және көктемгі мерзімде әскерге шақыртылып, борыштарын өтеуде. Олар әскери ант қабылдап, қолына қару ұстап, ұрыс қағидаларын меңгеруде. Сол ар­­қылы қайсарлық, батылдық, ба­тыр­лық, өжеттік, шыдамдылық қа­сиет­тер ер жігіттің бойынан табылып, олардың ел қорғаны болуда қау­қары артқан. Бұл ретте жыл са­йынғы мерзімді әскерге шақыртуда аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлері жүйелі жұмыс жасап, сырдариялық өрендердің өжет болуына үлес қосуда.

Жалпы бүгінде жан-жақтағы қа­рулы қақтығыстарды көре отырып, мемлекеттің айбынды әскерін күшейту бағытында ауқымды жұмыстар жүр­гізіліп жатыр. Әскери техникалар саны артып, әрбір жастың әскери қыз­меттен жалтармауы бағытында да нақты жұмыстар қолға алынған. Яғни бейбіт елдің тұтастығын сақтауда әрбір ұлан жігерлі, патриот болуы міндетті.

– Біз мектеп жасынан балаларды Отансүйгіштікке, патриот болуға тәрбиелейміз. Әрбір ер жігіт елінің қорғаны болуы қажет. Сол себепті де егемен елдің тыныштығын сақтау үшін жастарға мектеп қабырғасында алғашқы әскери дайындық сабағы өткізіледі. Онда оқушыларға саптық жүріс, әскери тәртіп, ұрыс тактикасына алғашқы қадамдар жасалады. Сол арқылы жастарға партиоттық тәрбие беріледі. Бұл сабақтың балалардың болашағына айтарлықтай ықпалы бар, – дейді №131 Т.Қозыбаев атын­дағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Жайылхан Кеукенов.

Отанды қорғау – абыройлы борыш болса, Отанды қорғаушы – үл­кен мәртебе. Осы жолда түн қа­тып тыныштықты күзетіп, күндіз бей­біт өмірдің сақтығына сақадай сай Отан қорғаушылар – Тәуелсіз Қазақ­стан Туының мәңгі желбіреуінің сақ­шылары. Халық даналығында «Ер – елдің қорғаны» деген нақыл бар. Сол себепті ел қорғандарының қасиетті қызметтері бейбіт өмірге арналатынына сенімдіміз. Олар өз антына әрқашан адал болары сөзсіз.





Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ





04 мамыр 2022 ж. 550 0