Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Кітап – сарқылмас қазына» атты мерекелік іс-шара өтті

«Кітап – сарқылмас қазына» атты мерекелік іс-шара өтті

«Руханият» орталығында аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Ұлттық кітап күніне» орай «Кітап – сарқылмас қазына» атты мерекелік іс-шара өтті. Жиынға аудандық аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі Ғабит Тұяқбаев, айтыскер ақын, Сырдария ауданының «Құрметті» азаматы Нұрмат Мансұр, ардагерлер және қоғам белсенділері, кітапханашылар мен оқырмандар қатысты.

Шара барысында рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған түрлі танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Кітап көрмелері мен ұлттық әдебиет пен әлемдік классиканың жауһарларына арналған бұрыштар көпшілік назарына ұсынылды. Мерекелік бағдарлама салтанатты іс-шарамен жалғасты.

Аудан басшысы аудан тұрғындары мен оқырмандарды «Ұлттық кітап күнімен» құттықтап, кітап баға жетпес байлық екенін айтып, бұл күннің рухани-танымдық маңызын атап өтті.

– Кітап – тек білімнің ғана емес, адамзаттың ақыл-ойы мен тәжірибесінің жиынтығы, тарихтың шынайы куәсі. Бұл күн – кітаптың қоғамдағы рөлін дәріптеп, білім мен парасатты биікке көтеретін айтулы мереке. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Кітап – өткенді танытатын кілт, болашаққа бастайтын жол» деп атап көрсеткен. Сондықтан сарқылмас қазына – саналы ұрпақ өсірудің, ел болашағын кемел етудің кепілі саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен биыл «Ұлттық кітап күні» алғаш рет аталып өтілуде. Президентіміз «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу» деп ерекше атап өтті. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен Сыр өңірінде жарқын бастамалар жүзеге асуда. Барлық ауданда «Руханият» орталықтары бой көтеріп, заманауи және түнгі кітапханалар жұмысын бастады. Мұнда оқырмандар үшін барлық жағдай жасалған. «Кітап – алтын қазына» десек, сол қазынаны оқырмандарға жеткізуде еңбек етіп жүрген кітапханашыларға алғысымыз шексіз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

«Ұлттық кітап күні» мерекесі қарсаңында «Құрмет» орденінің иегері, «Мәдениет қайраткері», Сырдария, Жалағаш аудандарының «Құрметті» азаматы, елімізге белгілі балалар ақыны Сейфолла Оспан жеке кітап қорынан аудандық кітапханаға 2000 кітап тарту еткен болатын. Іс-шараның құрметті қонағы – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі Ғабит Тұяқбаев жиынға қатысушыларды айтулы күнмен құттықтап, С.Оспанның аманатын аудандық кітапханаға табыс етті. Ғ.Тұяқбаев өскелең ұрпаққа кітап оқу мәдениетін қалыптастыру арқылы ғана жарқын болашаққа бағдар жасай алатынын жеткізді.
Аудан әкімі ардақты ақынға туған жерге деген жанашырлығы үшін аудан халқы атынан алғыс білдірді.

Салтанатты жиын соңында кітапханашылар мен белсенді оқырмандарға кітап оқу мәдениетін дәріптеу жолындағы еңбектері үшін аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталып, сый-құрмет көрсетілді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

24 сәуір 2025 ж. 107 0