Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіпсіз жол – бейбіт өмір кепілі

Қауіпсіз жол – бейбіт өмір кепілі

Қазіргі таңда жол-көлік оқиғалары – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Күн сайын түрлі себептермен орын алып жатқан апаттар қаншама адамның өмірін қиып, талай отбасыға қайғы әкелуде. Осындай жағдайдың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы басталды.

Жол ережесін сақтау қарапайым талап болғанымен, оның жауапкершілігі үлкен маңызға ие. Жылдамдықты асырмау, бағдаршамға бағыну, жаяу жүргінші өткелінде тоқтау сияқты қарапайым қағидалар адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың сәуір айының 19-ы және мамыр айының 19-ы аралығында аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен «Қауіпсіз жол» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде.

– Аудан тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық тәртіп сақтау мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ, заңсыз жолаушы тасылмалымен айналысатын автобус және такси көлік құралдарын тексеру болып табылады. Бұл профилактикалық шарада көлік жүргізушісі болсын, жаяу жүргінші болсын барлығы да жол ережесін сақтауға міндетті. Қауіпсіз жол қалыптастыру тек заңмен ғана шектелетін мәселе емес, бұл – қоғамдық сана мен мәдениеттің көрсеткіші. Сондықтан, барша азамат өз міндетін дұрыс атқарса, жол – қауіпті емес, сенімділіктің символына айналатыны анық, – деп пікірімен бөлісті Сырдария АПб ЖПҚб ППт қызмет аға инспекторы полиция капитаны Бауыржан Айтбаев.

Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Ал сол өмірдің қауіпсіздігі күнделікті әрекетімізге, соның ішінде жолдағы тәртібімізге тікелей байланысты. Қазіргі кезде көлік саны артқан сайын жолдағы қауіп те көбейіп келеді. Жол ережесін білу тек жүргізушілер үшін емес, барлық адам үшін маңызды. Сондықтан әрбір адам үшін қауіпсіз жол – бейбіт өмірдің кепілі екені айқын.


Гүлсезім ТАБЫНБАЙ
21 сәуір 2025 ж. 137 0