Кенеден келер қауіп азаяр емес

Шындығында, аталған дерттің адам өміріне қауіптілігі жоғары. Өткен жылы Сырдария ауданында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен 1 адам ауырған. Ал кене шаққандардың саны – 97-ні құраған болатын. Сала мамандары эпидемиологиялық маусымның басталуына байланысты кене шағудан сақтану жолын жергілікті халыққа түсіндіруде. Аудандық аурухана ұжымы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандарымен бірлесіп, барлық елді мекенде семинар өткізді. Ақпараттық жұмыстар жалғасын тауып, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алғашқы белгілері мен дертті болмас үшін кенеден сақтану керектігі кеңінен насихатталды.
– 2025 жылдың 3 айында 1 адам кене шағу бойынша дәрігерге жүгінді. Конго-қырым геморрагиялық қызбасының адам өміріне қауіптілігі жоғары. Сондықтан кене шаққан әрбір адам өздігінен әрекет етпей, дәрігер кеңесіне жүгінгені абзал. Көпшілік мал қораны тазалағаннан кейін, табиғатта демалғаннан кейін киімді шешіп мұқият қарап шыққан дұрыс. Сонымен қатар кенені теріні жабысқан орнынан тез арада қысқыш арқылы алу қажет. Мал қораны, төрт түлікті өз уақытысында залалсыздандыру керек. Ең бастысы, кене шаққан адам дәрігер бақылауында болғаны жақсы, – дейді дәрігер-эпидемиолог Гүлзат Баджанова.
Айта кетейік, кейбір кенелердің ағзасында өмір бойы сақталатын қауіпті жұқпалы аурулар тарататын вирустар кездеседі. Кене адамның денесінде 12 күнге дейін жабысып тұра алады және осы уақыт ішінде диаметрі 2 см болатын шардың мөлшеріне дейін өседі. Күн жылына бастаған уақытта кене қысқы ұйқыдан оянатыны мәлім. Олар кене энцефалиті және кене боррелиозы сияқты жұқпалы аурулардың тасымалдаушысы екенін айта кетейік.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ
Фото: Н.Нұржаубай