Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дербес кассациялық соттарды құру бастамасы құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам

Дербес кассациялық соттарды құру бастамасы құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам

Жыл сайын заңдарды жетілдіру, сот  жұмысының сапасын арттыру бағытында түрлі реформалар қолға алынуда. Соның бірі «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына енгізілген өзгерістерге сай биылғы  жылдың 1 шілдесінен бастап Астана қаласында қызметіне кіріскелі отырған кассациялық соттар жұмысына қатысты екені белгілі.

Себебі азаматтар бүгінгі күні тәжірибеде колданылып отырған «Таңдап қарау кассациясына» көңілі толмайтынын айтып келді. Жоғарғы Сотқа жолданған шағымдардың таңдаулылары ғана кассациялық алқаның қарауына жіберілетініне өкпелі болатын. Ел ішінде үнемі айтылатын бұл кемшілікті Мемлекет басшысы 2023 жылы 12 қыркүйекте отандық бизнес өкілдерімен кездесуде «Бүгінде қылмыстық және азаматтық істердің небәрі 5 пайызы ғана кассацияға жолданады. Бұл өте аз, әрі азаматтардың сұранысына сәйкес келмейді. Сондықтан заңгерлер және кәсіпкерлер қоғамдастығымен өз алдына бөлек кассациялық инстанция құру мәселесі жөнінде кеңес өткізу қажеттігі пісіп жетілді деп ойлаймын» дей келе, құзырлы органдарға арнайы тапсырма жүктеген болатын.

Дербес кассациялық соттарды құру бастамасы құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам. Бұл бастама сот төрелігін іске асырудың тиімділігі мен сапасын арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге және олардың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға бағытталған игі істердің бірі. 

Кассациялық соттар үш бағытта, яғни қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарайды. Кассациялық сот төменгі соттардың қателіктерін түзетуге және біркелкі сот тәжірибесін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл реформа сот төрелігінің ашықтығын, әділдігін және қолжетімділігін қамтамасыз етіп қоймай, елдің құқықтық жүйесінің жалпы деңгейін көтеруге мүмкіндік береді деп санаймын


Дүйсенов Олжас Оразбайұлы
Сырдария аудандық соты әкімшісінің
бас маман, аға сот приставы
Фото: Н.Нұржаубай
18 сәуір 2025 ж. 59 0