«Бес қонақ» — көне таным мен табиғат үндестігі

Қазақ халқының дәстүрлі танымында бір жыл 360 күннен тұрады деген ұғым болған. Ал қалған бес күн — артық күндер ретінде есептеліп, «қонақ күндер» деп аталған. Бұл ұғымның түп-төркіні ежелгі түркілік дүниетанымнан бастау алады. Кейбір зерттеушілер «Бес қонақты» көне Мысыр мен парсы күнтізбелеріндегі қосымша күндермен де салыстырады. Қазақы ұғымда бұл күндер жылдың соңындағы өтпелі кезең, табиғаттың бір белестен екіншісіне ауысар шағы ретінде қабылданған.
Сәуір айындағы «Бес қонақ» – нағыз табиғаттың мінез көрсететін уақыты. Бір күнде төрт мезгіл қатар келгендей әсер беретін бұл күндерде қар жауып, артынша күн күрт ашылып, қайта боран соғуы ғажап емес. Мұны ата-бабаларымыз «қырық шұнақ қыс», «сәуірдің құбылмалы мінезі» деп сипаттаған. Халық бұл күндерге ерекше сақтықпен қараған. Өйткені дәл осы уақыт — егін егуге, мал төлдетуге, көктемгі көшке дайындықтың қызған кезі. Ауа райының құбылуы шаруашылыққа тікелей әсер етеді. Сондықтан болар, халқымыз осы кезеңде табиғатты бағып, әрбір белгісіне қарап болашақты болжаған.
«Бес қонақ» күндері ел арасында түрлі ырым-тыйымдар мен болжамдар қалыптасқан. Бұл күндерде ауыл адамдары ауа райының жай-күйіне қарап: «Бес қонақта боран болса, жаз салқын, шөп сирек болады», «Қонақ жылы өтсе, егін бітік шығады», «Сәуір аспаны күркіресе, егінге молшылық болар» – деп жорамалдаған.
Халық бұл күндері аса сақ болған. Балаларға далада ұзақ ойнауға, ұзақ жолға шығуға тыйым салынған. Қонаққа бару немесе үлкен жұмыстар бастау да шектелген. Бұл – табиғатпен үндес өмір сүрудің бір көрінісі. Қазіргі ғылым мен техника дамыған заманда мұндай халықтық болжамдарға тек фольклор ретінде ғана қарау ағаттық болар еді. Қайта, бұл — ата-бабамыздың экологиялық, табиғи тепе-теңдікті терең түсінгендігінің дәлелі. Қазір климаттың жаһандық өзгеруі жағдайында осындай халықтық білімге қайта назар аудару — уақыт талабы.
«Бес қонақ» — бұл жай ғана бес күн емес. Бұл – табиғатпен сырласқан халықтың ғасырлар бойы қалыптастырған даналығының бір үзігі. Сәуірдің салқын самалы мен құбылмалы мінезінде ата-баба үнінің жаңғырығы бар. Біз үшін бұл күндер өткеннің елесі емес, бүгінгі күнмен үндесетін, тамырымызбен қайта табысатын қасиетті сәттер. Табиғатты сезіну — өзіңді тану. Ал «Бес қонақ» — сол таным жолындағы терең бір белес.
МҰРАТ Алтынай
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4 курс студенті
Фото: Ашық дереккөзден