Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Бес қонақ» туралы білесіз бе?

«Бес қонақ» туралы білесіз бе?

Соңғы күндері еліміздің бірқатар өңірінде күн райы күрт бұзылып, алай-дүлей боран соғып, біраз дүниенің астаң-кестеңін шығарды. Ауданымызда да жаңбыр мен қар бүркеп, салқын жел соғып, жұрт жылы киімдерін қайта киді. Сәуірдің ортасына қарай күн салқындап, тіпті қар жауатын мұндай сәтті бабаларымыз «Бес қонақ» немесе «от амалы» дейді екен. Бұл қандай кезең, «Бес қонақ» деген не?

Табиғат-ананың заңын терең меңгерген ата-балаларымыз сә­уірдің бесінен бастап бес күн бойы ай тоғысатынын айтып кеткен. Осыған байланысты хал­қымыз алдағы бір жылдың ауа-райын болжап отырған екен. Ерекшелегі сол, айдың тоғысуы әр өңірде әртүрлі уақытта өтеді. Бір аймақта бұл құбылыс 17-23 сәуірде болса, келесі бір өңірде сәуірдің 8-і кіріп, 18-і шығады деп болжанған. Ал батыс аймақта «Бес қонақ» 13-і мен 30-ы сәуір күндері аралығында болады.

Филология ғылымдарының кан­­дидаты, профессор С.Елік­­бай бұл тақырыпты көп зертте­ген. Оның айтуынша, «Бес қо­нақ» ба­йырғы қазақ күнтізбе­сінің бір­ден бір жұрнағы екен.

– Қазақтың ішіндегі бар дү­ние және қадірлі, керекті дүние күн қайыру деп аталады. Демек, «Бес қонақ» мезгілі қазақ­тың өзінің қоршаған ортасын, со­ның уақытын, әр секунды мен минутын бақылап, қалт кетпей, нақ біліп отырғандығын көр­сет­се керек. Біздің бабаларымыз ұстанған ежелгі қазақ күнтіз­бе­сіне сәйкес, әр жыл тоқсан күн­дік төрт маусымға бөлінген. Мәселен, көктем «жылтоқсан» деп аталған, бұл жыл алмасатын маусым. Жылтоқсан сөзінің түбірі «жыл», яғни жылға деген сөзге де қатысты. Жылғалар толып, тіршілік бүр жарады. Ал жаз «оттоқсан» немесе «жазтоқсан» делінеді, өйткені күн ысиды. Жаз – малдың қуат жинап, отығатын, адамның табиғаттағы барлық дәруменді сіңіріп күшейетін мез­гілі. Сәйкесінше, ауа-райының ерек­­­шелігіне байланысты күз «күз­­тоқсан», қыс «желтоқсан» деп аталған. Бұдан біз әрбір тоқ­сан­да түрлі ауа-райы салтанат құ­ра­тынын аңғарамыз.

Аймақтардың орналасуына байланыс­ты «Бесқонақ» уақытын дөп басып ешкім айта алмайды. Алайда 14 сәуір – ескіше сәуір айының басы, айлық «өлара» айдың тууына дейінгі көрінбей тұратын күндер осылай аталған және бұл күндер ауа-райының бұзылуына әсер еткен. Осыған орай осы күндер аралығында болатын жауын-шашынды күндерді «Бес қонақ» атап, халық сол күндерден қатты сақтанады, – дейді профессор Серік Елікбай.

Ел арасында «Бес қонақ» мезгілі туралы аңыздар да бар. Ертеде көктемнің келгеніне қуанған бес адам жеңіл киініп, қыдырып, жолаушылап жолға шығады. Олардың бұл сапары ауа-райының сәуір айында күрт бұзылатын кезіне тұспа-тұс келеді. Сөйтіп, бесеуі де қатты суыққа ұрынып, жаурап, үсіп кетеді. Ел аузынан жеткен осынау аңыздан соң бес күн бойы жел борап, қар бүркеп, күн бұлт­танатын бұл мезгіл «Бес қонақ» деп аталған. Сондықтан жазда жайлауда, қыста қыстауда күн кешкен бабаларымыз «Бес қонақ» өтпей алыс жолға шықпаған, төрт түлік малды да алысқа жай­маған. Өйткені бұл күндері күн қатты суытып, қыс қайта басталғандай дала борап, жаңбырлатып, тіпті қар да жауады деп күтілген. «Бес қонақтың» желді цик­лонынан кейін қаратамақ, сарышымшық торғайлар келе бастайды. Шаруалар да көктемгі егіс науқынына дайындықтарын пысықтап, іске кіріседі.

Сайып келгенде, «Бес қонақ» ұғымы – қазақтың ежелгі танымының үлгісі ретін­дегі ұлттық күнтізбенің айғағы, жұр­нағы. Өйткені сәуір айының 15-­нен кейін алғашқы найзағай ойнап, жаң­быр жауып, жер бусанып қоя береді. Бұ­рын ата-әжелеріміз осы найзағайдың жарқы­лын «Қыдыр (Қызыр) қамшысы» ойнады» деп айтып отыратын. Бұ­дан кейін қыс мезгілі кетті, көктем келді деп есептелінеді. Негізі «Сәуір болмай – тәуір болмас» деген қа­натты сөз осыған қатысты айтылған.

Соңғы күндері өңірімізде қалыптасқан салқын климаттық жағдай «Бес қонақ» мезгіліне байланысты деп болжауға болады. Синоптиктер мұны ішінара рас­тағанымен ғылымға сүйеніп ақпарат та­­ратады. Қызығы сол, ғылым да Табиғат-ананың заңдылығымен үндесіп, ұштасып жатқандай. Мәселен, өткен сенбі-жек­сенбіде Қызылордада қатты жел болса, дүйсенбі күні Жаңақорған, Шиелі ау­дандарының кей аумақтарында нөсерлі жаңбыр жауды. Сондай-ақ Тереңөзек пен Жалағашта күн бұлттанып, ауа температурасы да төмендеп сала берді. Бұл құбылыс Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында, әсіресе шалғай орналасқан ауылдарда да байқалды. Айта кетейік, 17 сәуірден бастап қаладағы 56 мектеп пен жеке мектептердің бастауыш сыныптары сабақты қашықтан оқитын болады. Қа­шықтан оқыту қашанға дейін созылатыны белгісіз.

Осы ретте қазақтың керемет ақыны Сырбай Мәуленовтің:

«Түсті шықтар шөптерге,
Жауатындай қар, түрі.
Соғады әр жыл көктемде,
Құралайдың салқыны.
Баяғы сол тәртібі –
Келеді жел арқылы,
Лағы болып киікті
«Құралайдың салқыны» – деген жыр жол­дары еске түседі.

Иә, халқымыздың таным-түсінігінде «Құралай салқыны» деген де ұғым бар. «Құралайдың салқыны» – мамыр айының екінші жартысынан бас­талып, он шақты күнге созылатын дауылды, қара суық, құбылмалы күндер. Осы күндері адамға да, малға да жайсыз суық түсіп, ызғырық жел соғып, тіпті кей жерде қар жауады. Бұл туралы толығырақ «Бес қонақ» мезгілі аяқталғаннан кейін тарқата жазатын боламыз.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
Фото: ашық дереккөзден
18 сәуір 2023 ж. 554 0