Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауқымды жоба – халық игілігіне

Ауқымды жоба – халық игілігіне

Тереңөзек кентімен іргелес орналасқан Сәкен Сейфуллин ауылының халқы ұйымшылдық үлгісін көрсетіп, жаңа бастаманы қолға алды. Яғни сәкендіктер тұрғындардың игілігі үшін орталық алаңның құрылысын бастаған болатын. Тың жобаны жүзеге асыру мақсатында қазыналы қариялар бастаған көпшілік бір арнаға ұйысты. Қажетті қаржының мөлшерін анықтап, ауыл әкімшілігімен бірлесіп орталық алаңды салуды мақсат тұтты.

Осы күні орталық алаң салынатын жер белгіленіп, тегістеу жұмысы жүргізілуде. Айта кетейік, жерді тегістеуге «Құндызды Жер» ЖШС-і тарапынан арнайы техника бөлінді. Халықтың мәдени-демалыс орнына айналатын орталық алаң Сәкен Сейфуллин ауылының 50 жылдық мерейтойына ерекше тарту болмақ. Алдағы уақытта орталық алаңда мерекелік концерт пен форматы айрықша кештер ұйымдастырылатын болады. Аталған жұмыстың басы-қасында С.Сейфуллин ауылдық клубының меңгерушісі Дастан Палмахов табылуда.

– Көптің көкейінде жүрген ауқымды жұмысты қолға алғанымызға қуаныштымыз. Ауылдың ақса­қалдары, 1975-2000 жылдары туған азаматтары, шаруашылықтар, жекелеген тұрғындар орталай ақша жинап, көмек қолын созуда. Сонымен қатар ауыл әкімі Бекзат Қыдырбаев ұйымшыл ағайынның игілікті ісіне үн қосып, жолға төсейтін арнайы тастарды алып беруге ықпал жасайтындығын жеткізді. Құрылыс алаңына айналған ауқымды жобамыздың жергілікті жұртшылыққа пайдасы зор. Жұдырықтай жұмылған, ұйымшылдық танытқан шаруашылық өкілдеріне, арда азаматтарға, жанашыр жандарға айтар алғысымыз шексіз, – дейді С.Сейфуллин ауылдық клубының меңгерушісі Дастан Палмахов.

Көп кешікпей барша жұрттың қолдауына ие болған орталық алаң құрылысы таяу күндері аяқталып, тұрғындар қуанышы еселене түспек.


Б.АЯБЕКҰЛЫ
15 сәуір 2025 ж. 491 0