Ұстаз ұлағаты – ұрпаққа өнеге
Облыстық білім саласы ардагерлер кеңесінің жоспары аясында Сырдария аудандық ардагерлер кеңесі мен білім бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен берекелі Бесарық ауылдық мәдениет үйінде «Ұстаз ұлағаты – ұрпаққа өнеге» атты білім саласы ардагерлерінің арасында облыстық байқау өтті.
Тағылымы мол кешке Сырдария аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып, облыстық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Бекенов, облысқа қарасты аудандардан келген ардагерлер кеңесі төрағалары, ардагер-ұстаздар және БАҚ өкілдері қатысты.
Облыстың түкпір-түкпірінен келген қонақтарды мәдениет үйі өнерпаздары арнайы ұлттық киіммен қарсы алып, қонақжайлығын көрсетті. Байқау басталмас бұрын №147 орта мектебінің директоры Гүлнұр Тлеубергенова қонақтарды Бесарық ауылының «Ардагерлер тынысы – даналық пен даңқтың үлгісі» тақырыбы аясында жасалған фото-сурет көрмесмен таныстырып өтті. Сондай-ақ кеш қонақтары мәдениет үйінің фойесінде аудандық Сәдуақасовтар ансамблінің орындауындағы күмбірлі күйін тыңдап, Бесарық ауылының жеке кәсіпкерлерінің қолдан жасаған тоқыма, жастық, құрақ көрпеше, заманауи тойтабақ, ойыншық сынды қолөнер бұйымдарының «Ұлттық құндылықтар – ұлт қазынасы» атты көрмесімен танысты.
Берекелі Бесарықтың төрінде аға буын өкілдері мен өскелең ұрпақ арасындағы байланысты нығайту, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлерді сақтау және дамыту мақсатында ұйымдастырылған байқаудың алғашқы сөзін облыстық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Башарұлы сөйлеп, ашып берді.
Байқауға Қызылорда қаласы және Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, ҚР Оқу-ағарту саласының үздігі, білім саласының ардагері Оразбай Қосанов, ҚР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Қызылорда облысының құрметті ардагері Талмаш Жұмабаева, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Сыр-медиа» ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжалы Ерімбетов, ҚР Білім беру ісінің, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Сансызбай Сәдуақасұлы қазылық етті.
Байқауға Қоғалыкөл, Шіркейлі, Шаған, Аманкелді, Айдарлы, Бесарық ауылдық округтерінен жалпы 6 ардагер-ұстаз отбасыларымен қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылардың барлығы саналы ғұмырын білім саласына арнап, өскелең ұрпаққа саналы да сапалы тәлім-тәрбие беріп, талай жыл абыройлы қызмет еткен ардагер-ұстаздар. Байқауға қатысушылар «Тәрбиелі ұрпақ – кемел болашақ», «Ұлағаты мол ырым-тыйымдар», «Кино-TIME», «Өнерлі өрге жүзеді» атты төрт кезең бойынша сынға түсті. Тартысқа толы сайыстың әр кезеңінде ардагер-ұстаздар қоғамның болашағы мен беделіне айқын жол ашар өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі, олардың бойына адамгершілік, адалдық, шыншылдық қасиеттерді қалыптастыруда отбасында берілетін тәрбиенің озық үлгілерін көрсетті.
Сайыс басталмас бұрын ең алдымен әр топ өздерінің шығатын реттілік санын жеребе арқылы анықтап алды. Байқаудың шартына сәйкес, алғашқы кезеңде үй тапсырмасы аясында сайысқа қатысушылар тәрбие тақырыбы бойынша арнайы дайындаған 3 минуттық бейнеролик көрсетті. Бұл кезеңде қатысушы барлық 6 топ та өте сапалы әрі тәрбиелік мәні зор бейнеролик көрсетіп, бірінен бірі асып түсті. Екінші кезеңде әр топқа экранда көрсетілген жасырын сурет ұяшығының бірін таңдау ұсынылды. Қатысушылар әр ұяшықта берілген арнайы тақырыптар бойынша қазақтың ырым-тыйымдарын айтып жарысты. Ал үшінші кезеңде қазақтың «Менің атым – Қожа», «Қыз Жібек», «Алты жасар Алпамыс» сынды фильмдердің үзінділері бойынша диалог құрастыру тапсырмасы берілді. Бұл кезеңде де қатысушы топтар тапқырлық танытып, жақсы өнер көрсетті. Сайыстың соңғы кезеңінде әр топ өз өнерлерін көрсетіп, қорытындылады. Жоғары деңгейде өнер көрсеткен ардагер-ұстаздарымыздың тек қана білімді ғана емес, сондай-ақ өнерден де алыс емес екеніне кеш қонақтары куә болды. Өздерін сан қырынан көрсеткен ардақты жандар жиналған көпшілікті өнерімен тәнті етіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Тағылымды кеш барысында Бесарық ауылының ұстаздары мен талантты өнерпаздары жанды дауыста ән айтып, мың бұрала би билеп, өнерден шашу шашты.
Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені барлық кезеңді жоғары деңгейде алып шыққан Бесарық ауылы №147 орта мектептің ардагер-ұстазы Қ.Аппақова жеңіп алды. Жүлделі І орынды Ә.Жәмішев атындағы №129 мектеп-лицейінің ардагер-ұстазы Б.Зарипова қанжығасына байласа, Қ.Баймағанбетов атындағы №42 мектеп-лицейінің ардагер-ұстазы П.Миянова және №37 мектеп-лицейдің ардагер-ұстазы Б.Усманова ІІ орынға лайық деп танылды. Ал жүлделі ІІІ орынды №139 орта мектеп ардагер-ұстазы Ш.Иманова және №44 орта мектептің ұстаздары С.Бекмағанбетова мен М.Бегенов жеңіп алды. Байқау жеңімпаздарына Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің арнайы дипломы мен бағалы сый-сияпаттары табысталды. Сондай-ақ байқаудың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ұйымдастырушыларға және сала мамандарына арнайы алғыс хат табысталды. Сонымен қоса кеш қонақтары облыс бойынша Сырдария ауданында үшінші жыл қатарынан жоғары деңгейде ұйымдастырып, ұлттық құндылығымызды өскелең ұрпаққа дәріптеп жүрген аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Г.Әбілқызына алғыстарын білдіріп, ерекше атап өтті.
– Отбасы – адам баласының өсіп-өнетін, қаз тұрып, қанат қағатын ұясы, Отаншылдық рухтың алтын бесігі. «Егер артыңда мейірімді, қайырымды, ізгілікті, бауырмал бала қалдырғың келсе, қартайғанда ол баладан қайыр күтем десең, онда тәрбие арқауын шират» деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Ата-ананың үміт-арманы баласымен, ұрпағымен бірге жасайды. Алдыңғы толқын ардагер-ұстаздарымыздың әрбір өнегелі сөздері мен тағылымды еңбектері арқылы ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында өткізілген өнегелі іс-шара болды деген ойдамын. Бұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Сайысқа қатысқан ардагер ұстаздарға ерекше алғыс білдіремін. Ардақты ардагерлік жасқа абыроймен жетіп, әлі де игі іс-шараларда бой көрсетіп, белсенділік танытып жүрген әріптестерімнің еңбегі өлшеусіз, жоғары бағалаймын, – деді Гүлбар Әбілқызы.
Алыс жолдан ат терлетіп келген меймандарға және барлық ұйымдастырушыларға берекелі Бесарық жұртшылығы төрден орын беріп, дастарқан жайып, қонақжайлығын көрсетті. Керемет кештің куәсі болған жандар ақжарма тілектерін білдіріп, алғыс айтып, ардақты ардагердің ақ батасымен қорытындылады. Ардагерлер Сырдария ауданы білім саласы ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру комитетінің еңбегін ерекше бағалап, тарқасты.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ