Парасат биігіндегі ақын

Аудандық білім бөлімінің арнайы тапсырмасы негізінде семинар барысында Абай ақынның шығармашылығында кездесетін жаратылыстану пәніндегі оқыту мәнері көрініс тапты. Оның ішінде, ақынның табиғат лирикасындағы өлең жолдары арқылы баланың білімін жетілдіру көзделді. Өз кезегінде мектеп оқушылары арасында «Абай өлеңдерінің бір алуаны – табиғат лирикасы» тақырыбында мәнерлеп оқу сайысы болды. «Абайдың табиғат лирикасымен жаратылыстану пәнін тиімді оқыту» атты панорамалық сабақ көпшілік көңілінен шықты. Дөңгелек үстел басында жиналған семинар қонақтары ұлы ақынның шығармашылығы жөнінде ой өрбітті. Бұл ретте, ақынның өлеңдері кеңінен талқыланып, ұрпақ болашағы үшін берері мол екендігі айтылды. Мектеп оқушылары «Желсіз түнде жарық ай» өлеңі бойынша сахналық қойылым қойды.
Айта кетейік, білім ордасының ұстаздары Ә.Кадірова, Б.Бекішова, М.Бекишева, Қ.Әкімжанова, М.Сайымова, Г.Сейдахметова, В.Үсен, Х.Игамбердиева, А.Дүйсенғазиева, Ш.Иманқұлова семинардың жоғарғы деңгейде өтуіне атсалысты. Аудандық семинарда білім саласының ардагері Алтын Нұртаева, Маржан Есназарова, Тереңөзек кенті клубының әдіскері Ержан Жүнісов хакім Абай жөнінде көңілге қонымды пікірлерімен бөлісті.
Аудандық семинарды қорытындылаған №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептің директорының міндетін атқарушы Жұмакүл Нұрымова ақынның құнды еңбектеріне тоқталды.
– Семинар аясында ұлы ақынның шығармашылығындағы көптеген құндылыққа қанықтық. Шын мәнінде, баланы оқытуда жаңашылдыққа иек артқан дұрыс. Қашанда ақынның тек қана ғұмыр жолына тоқталып қоймай, өлеңінің мазмұнына тереңнен мән берген дұрыс. Ұға білген адамға Абай Құнанбайұлының шығармашылығы ғибратқа, өнегеге толы. Жаратылыстану пәндерін оқытудың тиімділігін саралай келе, ақын өлеңдері арқылы биологияда, химияда, географияда, математикада дәріс өтуге болатындығын сезіндік. Сонымен қатар мектеп оқушыларының ақынның бірнеше өлеңін жатқа оқығаны ерекше әсер қалдырды, – деді Жұмакүл Нұрымова.
Бірнеше мектеп оқушысы мәнерлеп оқу сайында жеңімпаз атанып, арнайы дипломмен марапатталды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ