Наурыз мерекесін атап өтті
Кент күннен күнге қанатын кеңге жайып келеді.Соңғы жылдары жаңа қоныстану аймағынан қаз қатар сәнді, жаңа үйлер бой көтеріп, бірнеше жаңа көшелер сап түзеді."Елге ел қосылса құт" дегендей сондай жаңа көшелерге Ағайынды Бозжановтар мен Б.Жақып атындағы көшелер жатады.
Биылғы жылы тұңғыш рет осы екі көшенің тұрғындары бірігіп әз Наурызды атап өтті. Мерекені ұйымдастырушылар мәдениет саласының ардагері Тимур Айсин ағамыз бастаған Жанат, Гүлстан, Фатима, Ләззат есімді қыз келіншектер. Ұлыстың ұлы күні көшенің қарт тұрғындары Сәния, Айша, Сұлупан әжелерге сый сияпат жасаудан басталды. Ән мен күйге кезек беріліп, тұрғындар өзара өнер сайысына түсті.Мерекенің басты дәмі наурыз көже таратылды. Үлкендер бірлік пен көктем мерекесіне орай ұлағатты әңгімелер айтты. Мерекені қос көше тұрғындары лайықты атап өтіп, өскелең жастарға өнеге көрсетті.
Шаһарбек Нұрсейітов