Әйел бақыты – әлем бақыты

Бұған дейін аудан әкімі Берік Сәрменбаев жақында ғана келушілерге есігін айқара ашқан «Руханият орталығында» ардақты аналарды қабылдап, сый-құрмет көрсетті.
– Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – ардақты аналарымыздың мерекесі. Анаға деген құрмет – біздің ұлттық болмысымызға сіңген асыл қасиеттеріміздің бірі. Бала тәрбиесіне қашанда ұлт тәрбиесі деп қараған дана халқымыз ұрпақ өсірген аналарымызды ардақтап, аялай білген. Барлық уақытта да ең қымбат ұғымдарды – Отан мен Жерді – Ана атымен байланыстырған. Ел тарихының қай кезеңінде болмасын, батыр аналар ерлігі мен өнегелі істерінің арқасында бірлік, тұрақтылық пен тыныштықтың, өрлеу мен өркендеудің басынан табылды. Бүгінде сондай ардақты жандарымыз ортамызда отыр, – деген аудан басшысы өңірдің дамуында әйел азаматшалардың үлес салмағы басым екенін, соған сай аймағымызда әйел-аналарға ерекше құрмет жасалып келе жатқанын атап өтті.
Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов сөз алып, аяулы жандарды шұғылалы мерекемен шын жүректен құттықтады. Одан кейін жиын салтанатты марапаттау рәсімімен жалғасты. Өз кезегінде еңбегімен елеулі, бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербетіп жүрген әйел аналар марапатталды. Сондай-ақ ақ жаулықты аналар сөз сөйлеп, аудан басшылығына алғысын білдірді.
Кең көлемді іс-шаралар легі аудандық мәдениет үйінде салтанатты іс-шарамен жалғасын тапты. Аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен жиынға аудан аналары, әйелдер мен қыздар қауымы қатысты. Мерекелік жылы лебізін арнаған аудан әкімі Берік Сәрменбаев:
– «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді». Сондықтан бәрiмiз Ана алдында бас иемiз. Әрбір жетістік пен жеңістің артында әйел-ананың тәрбиесі, жанкешті еңбегі мен қолдауы бар. Сіздер тек жанұяның ғана емес, тұтас қоғамның рухани тірегісіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әйелдерге жан-жақты жағдай жасау, олардың құқығын қорғау және отбасы институтын нығайту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы. Еліміздің қыз-келіншектері жасампаздық қасиетімен қоғамның құндылықтар жүйесін жаңартуға және Әділетті Қазақстанды құруға өлшеусіз үлес қоса береді деп сенемін» деген сөзінің мәні зор. Тәуелсіз Қазақстанның осы уақытқа дейінгі толағай табыстары мен ауданымыздың қол жеткізген жетістіктерінің барлығында әйелдер қауымының өз қолтаңбасы бар, – деп атап өтті.
Салтанатты іс-шара барысында ауданның дамуына, өсіп-өркендеуіне еңбегімен елеулі үлес қосып жүрген жандар облыс, аудан әкімінің алғыс хатымен, гүл шоқтарымен марапатталып, және көпбалалы аналарға «Күміс алқа» табысталды. Кеш соңында аудан өнерпаздары қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлап, ән мен жырдан шашу шашты.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Пікір 4