Еңбекші аналарға құрмет
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Республика күні қарсаңында және «Алтын күз» мерекесіне орай ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек еткен еңбекші әйелдерімен кездесті. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, еңбек ардагері Марат Омаров, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева және ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен еңбекші аналар қатысты.
Аудан басшысы ардақты жандарды мерейлі мерекемен құттықтап, ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы елеулі еңбектеріне тоқталды.
– 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы тарихи сәттен кейін мемлекетіміз Тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде мойындалды. Бүгінде егемен еліміз дамудың даңғыл жолына түсіп, саяси реформалардың орындалуының нәтижесінде жаңа кезеңге қадам басты.
Халқымыз қашанда бала тәрбиесін ұлт тәрбиесі деп қарап, ұрпақ өсірген аналарымызды ардақтап, аялай білген. Дана халқымыз «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербейді» дейді. Сіздер – мәңгіліктің, елдіктің, биіктіктің өлшемі болып саналасыздар.
Мемлекет басшысы «Қазақстанда әйелдерге барлық жағдай жасалған. Олар білім беру мен денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт, өндіріс пен құқық қорғау және басқа да салаларда табысты еңбек етуде» деп атап көрсетті. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы әйел-аналарды әркез қолдап, құрмет көрсетіп келеді. Облыс орталығында «Анаға тағзым», «Өнер» орталықтары, «Неке сарайы» ашылды. Барлық аудандарда ұлттық құндылықтарымыз насихатталатын «Руханият» орталықтары бой көтеруде.
Қай кезде болмасын аналарымыз бірлік пен тыныштықтың басынан табылатыны белгілі. Сондай қадірлі жандар бүгін ортамызда отыр. Егін даласында күріш өсіруден алдарыңызға жан салмай, алып техникаларды меңгеріп, нағыз еңбектің үлгісін көрсеттіңіздер. Жастық шақтарыңыз қайнаған еңбек ортасында өткенін жақсы білеміз. Жұмыспен қатар отбасында да ұйытқы болып, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлдіңіздер. Бұл еңбектеріңізге тек шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мерекелік іс-шарада аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, еңбек ардагері М.Омаров, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұ.Жанәлиева сөз сөйлеп, жылы лебіздерін жеткізді, ұрпақ тәрбиесіне қатысты ойларымен бөлісті.
– Қаншама қазақ әйелдері шаңырағын шайқалтпаймын, балаларымды ешкімнен кем қылмаймын деп қарапайым еңбек етіп жүр. Міне, біздің мақсатымыз – қазақ әйелінің қанына сіңген еңбекқорлығын, ержүректілігін жырлап, бағалау, қоғамның назарын аудару. Әйел болып жаратылу Алланың сынағы, әрі баға жетпес сыйы. Әйел адам жаратылысының ерекшелігі – өмірге ұрпақ әкелетінінде, – деді аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұ.Жанәлиева.
Аудан әкімі еңбекші аналарды арнайы Алғыс хатпен марапаттап, сый-құрмет көрсетті. Ардақты аналар жастық шақтарындағы еңбек даласындағы қызу тіршіліктерге қатысты естеліктерін айтып, ризашылықтарын білдірді.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ