Аналарға құрмет көрсетті
Бүгін «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне» орай аудандық мәдениет үйінде «Әйел бақыты – әлем бақыты» тақырыбында концерттік бағдарлама өтті. Карантиндік шектеу талаптарына сай ұйымдастырылған іс-шарада аудан өнерпаздары ананың – тіршіліктің тірегі екенін қойылым арқылы көрсетіп, әдеби монтаж орындалды.
Мерекелік іс-шарада аудан әкімі Талғат Дүйсебаев ауданның әйел-аналарын көктемнің шұғылалы мерекесімен құттықтады. Аудан басшысы қоғамда әйелдердің рөлі зор екенін атап, аудандағы сан салалы қызметте нәзікжандылардың үлес салмағы басым екенін жеткізді. Құттықтаудан кейін бірқатар әйелдерді облыс және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.
Көктемнің шуақты мерекесіне арналған концерттік бағдарламада әншілер блогы Е.Хасанғалиевтің «Анаға сәлем», жас әншілер Абылай Байділдаев пен Динара Жәкешова «Мама», Динара Жәкешова Л.Хамидидің «Бұлбұл», Ерхан Қалуадинов «Анашым-ай» әндерін шырқады. Домбырашылар блогы мерекеге күй арнаса, «Сырдария» квартеті К.Өтептің «Гүл сыйлайық әйелге» әнін орындап, іс-шараға қатысқан аналарға гүл мен орамал сыйға тартылды.
Ердос БЕРКІНБАЕВ