Ақ жаулықты аналарға құрмет көрсетілді
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев жылдағы дәстүр бойынша 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік қабылдауда ауданның дамуына қажырлы еңбек еткен ардақты аналарды құттықтады. Мерекелік қабылдауға ақ жаулықты әжелер мен көпбалалы аналар, түрлі сала өкілдері қатысты.
Аудан басшысы елдегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтауда әзиз аналардың орны бөлек екенін, ардақты жандарға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстанда әйелдерге барлық жағдай жасалған. Олар білім беру мен денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт, өндіріс пен құқық қорғау және басқа да салаларда табысты еңбек етуде» деп атап көрсетті. Өңірдің дамуында әйел азаматшалардың үлес салмағы басым. Сол себепті аймағымызда әйел-аналарға ерекше құрмет жасалып, оларға зор қолдау көрсетілуде. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен облыс орталығында «Анаға тағзым», «Өнер» орталықтары ашылды. Сондай-ақ, ауданымызда ұлттық құндылықтарымыз насихатталатын «Руханият» орталығының іргетасы қалануда. Осы тұста, ауданымыздың білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, мәдениет, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларында Сіздердің қосқан еңбектеріңіз зор. Сондықтан шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов мерекелік лебіздерін жеткізді.
Мерекелік қабылдауда Ұлмекен Жанәлиева бастаған құрметті аналар өздерінің ризашылықтарын білдіріп, көктемнің шұғылалы мерекесінде ізгі тілектерін арнады.
Мерекелік іс-шарада ақ жаулықты аналарға аудан әкімінің Алғыс хаты табыс етіліп, сый-құрмет көрсетілді.