«AMANAT»-тың ақ тілегі

Қабылдауға аудандық мәслихаттың және аудандық партия филиалының төрағасы Ержан Әжікенов, партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы қатысып, әйел-аналарды көктем мерекесімен құттықтады.
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Егемен елімізде әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Отбасы институтын, көп балалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы» деген болатын. Халқымызда ананы, әпкені, қарындасты, қыз баланы қадір тұтудың ықылым заманнан бері қалыптасқан үрдісі бар. Ең қасиетті ұғымдарды анамен байланыстырып, Отан-Ана, Жер-Ана, Ана тілі деп атауымыздың да мәні тереңде. Тарихымызда табиғатынан гүлдей нәзік болса да, елдік істерге араласып, тастай беріктігін, табандылығын көрсеткен арулар аз емес. Бүгінде қыз-келіншектер үйдегі де, қоғамдағы да орнын нықтап, «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген бағаға лайық тірлік етуде, – деді Ержан Ертарғынұлы.
Өз кезегінде А.Ибрагимұлы Сыр өңірінің, оның ішінде Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында абзал аналар мен әсем арулардың орны айрықша екенін айтты.
– Түрлі салада еңбек еткен ардагер аналарымызға құрметіміз ерекше. Әйелдер қызмет ететін салалардың жұмысында тиянақтылықтың, тәртіп пен нәтиженің үйлесімі байқалады. Мемлекет басшысының, Үкіметтің тапсырмаларын орындауда, Әділетті Қазақстанның мақсат-мұраттарына жетуде, қоғамды ілгерілетуде сіздердің білім-біліктеріңіз, іскерліктеріңіз өте маңызды рөл атқарады. Тәуелсіз Қазақстанды өркендету жолында отбасы мен қоғам жүгін қайыспай көтеріп жүрген сіздердің еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Марапаттау салтанатынан кейін еңбек ардагері, бірнеше рет поселкелік кеңестің депутаты, аудандық партия филиалы конференцияларының делегаты болған Бақыт Әбдірашқызы, еңбек ардагері, тұрмыстық қажетті өтеу комбинатында жұмыс істеген Рая Әбдірайымова, аудандық атқару комитетінің АХАТ бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған, аудандық мәслихат аппаратының ардагері Шырынкүл Елеусінқызы, еңбек ардагері, көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Ұлтай Бектаева бастаған мерекелік қабылдауға қатысушылар ізгі лебіздерін айтып, тілектестігін білдірді. Іс-шара аясында аудандық мәдениет үйінің және Өнер мектебінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, аналарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Алтынай ЖҮНІСОВА,
«AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының кеңесшісі