Сөздің киесі кісіні нұрландырады

Кез келген қарапайым отбасында бала тәрбиесіне ата-ана жіті көңіл бөледі. «Бүгінде заман өзгерді ме, адамның өмір дағдысы құбылысқа ұшырады ма?» деген сауалға барлық буынның өкілі нақты жауап таба алған емес. Кейде баласына «жетпегір», «адам болмағыр», «көргенсіз», «тіл алмайтын санасыз», «арам қатқыр», «тұқымы құрығыр» секілді балағат сөз айтқан әке-шешенің бұл әрекеті – өзгеге қарғыс болып естілетіндей көрінеді. Мұндайда үлкендер «періштенің құлағына шалынбасын» деп отырады. Ал сөздің мәні мен мағынасына, байыбына бара бермейтін ата-ана баласын барынша сөгіп, айыбын бетіне басады. Бұл – тәрбие құралы емес. Жекіп айтып, лепіріп сөйлеген айыптаудың артында баланың тағдыры жатыр. Мейлі былайғы жұртшылық «перзентіне ешкім жамандық ойламайды» дегенімен, тентегін тезге салуға емес, болашағына бейқам қараған ата-ананың жауапсыздығын аңғарамыз.
Көбіне жекелеген адаммен сөйлесе отырып, сөзіне мән берсеңіз әңгіме арасында «ол байғұсты» деп жатады. «Байғұс» сөзін адам эмоциясына қарай сан түрлі бағытта пайдалануға болады. Бір жағдайда қолынан түк келмейтін, ештеңеге жарамайтын, жолы болмайтын адамның кейпін білдірсе, аяушылық сезімі мен кісімен ұрысқанда жекіп айтатын сөз мәнеріне жатқызылады. Анығында, «байғұс» сөзі – кісіні кемсіту, өзін бір саты жоғары санау іс-әрекетіне бағаланады.
Шын мәнінде, барлық ортада кісіге қарата айтылатын «оңбаған», «бишара», «жалмауыз», «жер жастанғыр», «көгермегір», «албасты», «жүгермек», «жағың қарысқыр», «желкең қиылғыр», «ақ сүтімнің айы ұрсын» деген қарғыс сөздер адамның сүйегінен өтіп, қабырғасын сетінетеді. Бір сәттік ашудың жетегіне ерген екі адамның арасындағы диалогта қарғыстың сан түрі айтылып, бет көріспестей болатыны рас.
Қазақта «Көңілден көңіл су ішеді» деген тәмсіл бар. Қарғыс айтамын деп, сөз құдіретін сезіне алмаудың өзі – қателік. Аңдамай сөйлеудің ақыры – өкпе-ренішке ұласады. Ниеті қара, пиғылы дұрыс емес адамның сөзі бүлінеді. Бірде «Көрмәдік» деп жақынын балағаттаған жас келіншектің мінезінен шошыған қария адамда мейірімділік, сыйластық жоғалып бара жатқанына күйінген еді.
– Қасиетті Ораза айында барлық жақсылық атаулысы орын алатынына сенемін. Бұл уақытта бір-бірімен жақындаса түсетін адамдар тату болғаны дұрыс. Бүгінгі көтеріп отырған тақырып кімге болсын өзекті. Бүгінде «балағат» сөйлеуден тайсалмайтын орта пайда болған. Кейде үлкен басымызбен өзіміз ұялып жатамыз. Ақыл айтсақ, «өзім білемінге» салынады. Балаға да кісіге де, қарғыс сипаттағы сөзді айтуға болмайды. Әрбір ойланбай сөйлеудің артында әдепсіздік, тәрбиесіздік бар. Кейде кісіге «малсың ба», «ауышсың ба», «кеміссің ба», «делғұлысың ба» деп жекірген адамды көрсем, көңілім құлазиды. Біз баласын «айналайын» деп басынан сипаған ұлттың жұрнағы едік. Қазір адам азып, барынша майдаланып барады, – деді білім саласының ардагері Анар Ізбасарова.
Бөтен ортада, кісі алдында қадірін қашырмауды ойлайтын адам сөз киесін ұғынады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Ашық дереккөзден