Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды

Авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.

Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен авиация саласын дамыту және салық түсімдері мәселелері талқыланған мәжіліс өтіп, Қызылорда қаласы, аудан әкімдері мен жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.

«Өткен аптада Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың өңірімізге жұмыс сапары кезінде Көлік министрлігіне «Қызылорда – Атырау – Қызылорда» бағытын әлеуметтік маңызы бар рейстер тізіміне енгізу туралы тапсырма берілді. Жаңа бағыт бойынша рейсті тез арада ашу үшін Көлік министрлігімен бірлесіп, тиісті жұмыс атқарыңыздар.

Салық төлеушілерді тіркеу, еңбекақы қоры мен жалдамалы жұмысшыларды, тіркелмеген мүліктерді түгендеу жүргізілуі тиіс. Заңсыз кәсіпкерлік мақсаттағы ғимараттардың нақты санын және олардың салық төлеуші ретінде тіркелгенін, қайта бағалау мен бағалау құнының нарық бағасына сәйкестігін зерделеңіздер.

Кәсіпкерлік мақсатта заңсыз пайдаланып отырған балабақша нысандарын заңдастыру керек. Ауыл шаруашылығы техникалары мен арнайы техникаларды, ауыл шаруашылығы жері мен көлдерді жалға беру арқылы пайда табатын тұлғаларды айқындап, салықтық міндеттемелерін орындату өте маңызды.

Мекемелердің меншігіндегі газбен жабдықтау нысандары «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның теңгеріміне берілсін. Салық төлемейтіндерге мемлекет тарапынан субсидия берілмеуін және берілген субсидияны қайтарып алуды қарастыру қажет», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Айта кетейік, өткен жылы жергілікті бюджетке 158 млрд. 175 млн.теңге түсім түсіп, жылдық жоспар 108,3 пайызға орындалды. Жергілікті бюджеттің өз кірістері 21 пайыз, жалпы түсімдердің 22 пайызы жеке табыс салығы, 19 пайызы әлеуметтік салыққа тиесілі. Заңды тұлғалар төлейтін корпортативтік салықтың үлесі 10,5 пайыз, мүлік салығының үлесі 6,9 пайыз. Облыс бюджеті негізінен бизнес өкілдері төлейтін салықтардан емес жеке тұлғалардан түсетін салықтардан толықтырылады.

@ Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
19 ақпан 2025 ж. 115 0