Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық сұранысына ие мамандық

Халық сұранысына ие мамандық

9 ақпан – халықаралық стоматологтар күні. Қай кезде де тіс дәрігері сұранысқа ие маманның бірі. Тісі ауырып, дертіне шипа іздеген жанға ем-дом шарасын жасайтын маман иелеріне артылар жауапкершілік те өте жоғары.

Бүгінде елімізде медициналық қыз­мет түрлерінің арасынан стоматология саласы қарқынды дамып, әрі соңғы үл­гі­­дегі техникамен жабдықталған кли­­­ни­­ка­лар күн санап көбейіп келеді. Ден­­саулығына аса ыждағаттылықпен қарай­тын көпшілік білімі мен біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол тіс маманын іздей­тіні рас. Аудандық ауруханада бі­лік­­ті стоматологтар жетерлік. Олар өз ісі­­нің білікті мамандары екені де шүбәсіз. Қазіргі таңда аудандық емханада 2 дәрі­гер-стоматолог, 3 дантист, 2 медбике қызмет атқарып келеді. Атап айтар бол­сақ, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан дәрігер-стоматолог Байтабын Рүстемов, Жасұлан Әлжанов, дантист мамандар Мақсұт Садуақасов, Бауыржан Әлібекұлы, Ермек Жаханшаев, медбике Мейрамкүл Шуақбайқызы, Сырсұлу Маханбетова тісі ауырып келген аудан тұр­ғындарының алғысына бөленуде.

– Тіс – адам ағзасының маңызды бөлігі, әрі көркі. Бүкіл ағза саулығына әсері зор. Тіс күтіміне көңіл бөліп, мұқият тазалап, үнемі назарда ұстау маңызды. Өйткені ауыз қуысының тазалығы ас қорыту жүйесінің қалыпты қызметін қамтамасыз етеді. Сондықтан да кез келген адам тістің сау болуына ерекше күтім жасағаны дұрыс. Әйтседе адамдар тісіне уақытылы күтім жасамай, немқұрайлы қарап жатады. Осындайда біздің мамандар қажетті емдеу шарасын жасаймыз. Қазіргі кезде тіс емдеудің жаңа технологиялары дамып келеді. Сондықтан уақыт талабына сай біздің мамандар біліктіліктерін жетілдіріп отырады. Емханада тегін стоматологиялық көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, 1,2,3 топ мүгедектері, зейнеткерлер тегін стоматологиялық көмекке жүгіне алады. Сонымен қатар, соғыс ардагерлері мен соған теңестірілген, Ауған соғысы, Чернобыль апатына қатысқандарға, Семей полигонында борышын өтегендерге тегін көмек көрсетіледі. Барша әріптестерімді бүгінгі мерекемен құттықтаймын, – дейді дәрігер-стоматолог Байтабын Рүстемов.

«Тіссіз иекке быламық та тиек» дегендей сау тіс адамның көркіне көрік беріп, ажарын аша түседі. Стоматологтар арасында «Адамның тісі кішкене түтікше секілді. Бір шеті ауыз қуысында тұрса, екінші ұшы жүрекпен жалғасады» деген теңеу бар.

Қашанда науқастарды үздіксіз қа­был­­дауға ниетті тіс дәрігерлерін мере­кемен құттықтай отырып, қол­дарыңызға дерт бермесін демекпіз.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
08 ақпан 2025 ж. 176 0