Ел қорғаны – айбынды жас

Тағылымы мол, тәлімі ерекше кездесуді №126 орта мектептің директоры Бақытжан Бақбергенова ашып, еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болу керектігін жеткізді.
– Қазақта ұл баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. Бала күнінен ел қорғаны болу үшін ата-ана тағылым көкжиегін танытқаны дұрыс. Ұлт үшін туған батырлардың ерліктері мектеп қабырғасында кеңінен насихатталады. Әскерге барған ер жігіттер ел қорғаны атанып, қатаң тәртіпті сезіне алады. Қай кезде де бейбіт күннің қадірін түсінген абзал. Мәселен, кездесуге біздің өткен жылғы түлегіміз Сұңғат Төлеубай қатысып отыр. Ол әскери мамандықты таңдады. Міне, осындай жалынды жастар мектебімізде көптеп шықса, қуанамыз, – деді Бақытжан Жамалқызы.
Бұл ретте, аудандық қорғаныс бөлімінің басшысы, подполковник Жомарт Пірназаров әскери мамандықтар, патриоттық тәрбие, отансүйгіштікке қатысты оқушыларға бағыт-бағдар берді. Әрбір ер азамат ерік-жігерін жанып, елдің қорғаны болу керектігін жеткізді. Әскери қызметтегі талаптың жоғарылығы соншалық, нағыз ер азаматқа тән ерекше қасиеттер жастарда қалыптасуы бойынша тың мағлұмат берді. Сонымен қатар ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Сағадат Нұрмағанбетов атындағы құрлық әскерлері әскери институтының 1 курс студенті Сұңғат Төлеубай өз замандастарына әскери өмір жайлы айтып берді.
– Мен – №126 орта мектептің түлегімін. Өткен жылы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы құрлық әскерлері әскери институтқа оқуға түстім. Аз ғана уақыттың ішінде әскери қызметтің маңыздылығын тереңнен түсіндім. Әскери адамға ешқашан босаңсуға болмайды. Күнделікті елдің патриот азаматы ретінде әрбір жас барлық жағдайға дайын болғаны жөн. Біз ата-бабаның, батырлардың ерлігін үлгі тұтамыз. Әрқайсысымыз қиындықтан қашпай, Отан қорғаушы атануымыз керек, – деді жалынды жас.
Өз кезегінде №126 орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Мұрат Бөдеев тағылымды іс-шара жалғасын табатынын жеткізді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ