Ардагерлер алқалы жиында бас қосты
Жақында аудандық ардагерлер кеңесі Іңкәрдария ауылдық округінде көшпелі алқа мәжілісін өткізді. Оған аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері, бастауыш ұйым төрағалары қатысып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев биылғы жартыжылдықта атқарылған жұмыстардың есебін берді.
Бүгінде ауданда 4171 ардагер бар. Олар түрлі деңгейдегі 74 ұйымға біріктірілген. Оның 15-і кент, ауылдық округ ардагерлерінің бастауыш ұйымдары болса, 18-і оқу орындарында, 8-і денсаулық саласында, 33-і шаруашылықтар мен мекемелерде құрылған. Ардагерлердің 1-і Ұлы Отан соғысына қатысушы, 156-сы тылда еңбек еткендер, 32-сі – ауданның Құрметті азаматы.
Атқарылған жұмыстарға есеп берген кеңес төрағасы Мұса Келдібаев ауданда ардагерлердің қатысуымен көптеген іс-шаралар өткенін, зейнеткерлерді ардагерлер ұйымына тарту үшін жұртшылықпен тығыз байланыс орнатылғанын айтты.
– Қазіргі уақытта ардагерлердің денсаулығын жақсарту, емдеу орындарында демалдыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы 300-дей ардагердің демалуына, тарихи-танымдық саяхатқа шығуына мүмкіндік жасалды. Биыл да бұл жұмыс жалғасатын болады. Әжелер мектебі де белсенді жұмыс жасайды. Аудандық ардагерлер кеңесі әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жастар қоғамдық ұйымдарымен бірлікте жұмыс жасап, қолдап, ортақ іс-шараларға ұйытқы болуда. Аудан әкімдігінің қамқорлығымен барлық үкіметтік емес ұйымының «Достық» үйі деп аталатын бір шаңырақ астында орналасуы өзара үйлесімді қызметіне оң әсер етіп отыр, – деді Мұса Алпысбайұлы.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасының айтуынша, алқалы жиынның Іңкәрдария ауылында өтуі кездейсоқтық емес. Себебі бұл ауылда ардагерлер кеңесін басқаратын төраға Әбдіразақ Байманов өзінің белсенді жұмысымен үлгі. Сондықтан Іңкәрдария ауылындағы тыныс-тіршілікті үлгі ету мақсатында ардагерлер осы ауылда алқалы жиында басқосып отыр. Өткен жылы осындай жиын Сәкен Сейфуллин ауылында өткен болатын.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіразақ Байманов ауыл тұрғындарының әлеуметтік ахуалы жайлы айтып, мал шаруашылығымен, бау-бақша өсірумен айналысатын ауыл тұрғындарына кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау туралы ұсынысын білдірді. Яғни, үлкен жолдың бойынан сауда орнын ашып, тұрғындардың мезгілінде қауын-қарбызын сатып, табыс табуына жағдай жасау қажеттігін айтты. Бұл мәселе өз кезегінде облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов пен аудандық мәслихат депутаты Марат Бисеновтың қолдауымен шешімін табатынына сенім білдірді. Сонымен қатар жайылымдық жерлерді инвесторлардан қайтарып алу мәселесін жан-жақты қарастыру жайында ауыл тұрғындарының өтініштерін жеткізді.
Алқа мәжілісінде Айдарлы, Аманкелді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағаларының мәдени-көпшілік, спорттық іс-шараларға тарту, саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында атқарылған жұмыстары жайлы хабарламасы тыңдалды.
Алқа мүшелері тарапынан ардагерлер Е.Әлжіков, Ж.Айсин, Ұ.Жанәлиева, Қ.Қашақова, А.Жүгінісов шығып сөйлеп, көптеген түйіткілді мәселелер қозғалды. Соның ішінде Құрметті азамат атағын алу, ауылдағы пайдаланылмай тұрған бос ғимараттарды тиімді пайдалану, ардагерлерге демалыс орындарына жолдама беру – өз шешімін күткен мәселелер қатарында.
Бибісара ЖАНӘЛІ