Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандық сот өткен жылды қорытындылады

Аудандық сот өткен жылды қорытындылады

Редакция тілшілері аудандық сот ұжымымен тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Б.Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегеніндей, тілшілер аудан көлемінде орын алып жатқан қылмыстық істер және құқықбұзушылықтармен халықты ақпараттандырып, қауіптен сақтандыруды мақсат етеді. Жақында Сырдария аудандық сотының төрағасы Руслан Алдамбергенов баспасөз конференциясын өткізді. Онда өткен жылы атқарылған жұмыстар мен қаралған істер туралы айтылды.

– Статистикалық дерекке сүйен­сек, өткен 2024 жылы 78 адамға қатысты 70 қылмыстық іс қаралған. Оның ішінде 53 адамға қатысты 47 іс бойынша үкім шығарылған. 12 адамға қатысты 12 іс тоқтатылған, 5 іс соттылығы бойынша жолданып, 5 тұлғаға қатысты 4 іс прокуратураға кері қайтарылған. 1 жекеше қаулы қабылданған. Есепті мерзімде сотқа 494 талап қою және 12 іс түскен. Барлығы 401 азаматтық іс қаралған, оның ішінде 42 іс бойынша сот бұйрығы, 178 шешім қабылданып, 143 іс өндірістен тоқтатылған. 34 іс қараусыз қалдырылған және 4 іс соттылығы бойынша жолданған. 1 жеке ұйғарым қабылданған, – деді сот төрағасы.

Сондай-ақ өткен жылмен салыс­тырғанда түскен талап қоюлар мен істердің саны 27-ге, қаралған істердің саны 50 іске көбейген. Ал өткен жылмен салыстырғанда түскен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің саны 101-ге, қаралған істердің саны 113 іске көбейген.

Айта кетейік, 2024 жылы татуласу тәртібімен 3 азаматтық іс, партисипативтік рәсім тәртібімен 1 азаматтық іс, мед­иаторлардың қатысуымен 136 азаматтық іс, 44 әкім­шілік құқық бұзушылық туралы іс, 12 қылмыстық іс аяқталған. Медиа­ция дауды шешудің заманауи тәсілі ретінде оң нәтижесін көрсетіп келеді. Бұл – үшінші тараптың қатысуымен дауды бейтарап және әділ баламалы реттеу болып табылады.

Сондай-ақ сот төрағасы өткен жылмен салыстырғанда шартты міндеттемелерден туындайтын дау­лар бойынша істердің саны 2023 жылы 287 іс болса, 2024 жылы 296 болып 9 іске, заңдық маңызы бар фактісін анықтау санатындағы істер бойынша оның ішінде қайтыс болу фактісін анықтау бойынша істер 2023 жыл 12 іс болса, 2024 жылы 18 іс болып 6 іске, бұйрықтық санатындағы істер бойынша 2023 жылы 42 іс болса, 2024 жылы 54 іс болып 12 іске көбейгенін атап өтті. Ал неке және отбасынан туындайтын істер 2023 жылы 70 болса, 2024 жылы 58 іс болып азайған.

Сонымен қатар баспасөз конференциясында 2024 жылғы әкімшілік құқық-бұзушылық туралы іс бойын­ша салынған айыппұл көлемі 48371954 теңге болғаны да айтылды. Оның ішінде, айыппұлдардың бір бөлігі айыпкердің өз еркімен төленсе, мәжбүрлеп орындалғандары да бар. Орындауда тұрған және орындауға жолданған сумма да ашық көрсетілді.

Сонымен қатар елімізде 21 жел­тоқсаннан бастап микроқаржы омбудсманы институты өз жұмысын бастағандығын, микроқаржы омбудсманы микрокредиттерге байланысты дауларды, соның ішінде мерзімі өткен қарыздарды реттеп, коллекторлық агенттіктермен туындаған мәселелер­ді қарайтындығын оның негізгі мақ­саты – азаматтардың құқықтарын қорғап және дауларды сотқа дейін реттеуге көмектесетіндігін айтып өтті.

Қорытындылай келе, сот төрағасы жыл көлемінде есірткі сақтау мен интернет алаяқтық қылмыстары, сондай-ақ тұрмыстық-зорлық-зом­былық пен ұрлық қылмыстары жиі кездескенін тілге тиек етті. Сондай-ақ қауіпсіздік шараларына баса мән беру қажеттігін үндеді. Оның ішінде интернет алаяқтық бойынша пайыздық үстемемен қаржылық ұсыныс жасау­шылардан аулақ болу қажеттігін және әлеуметтік желі арқылы келген сілтемелерді ашпауды ескертті.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
25 қаңтар 2025 ж. 68 0