Заң мен тәртіп – басты қағида
«Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді халық даналығы. Ұрпақ тәрбиесі, жастар мен жасөспірімдер болашағы қай қоғамда да үлкен маңызға ие.
Осы ретте Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының тапсырмасына сәйкес «Заң және тәртіп» қағидаты аясында аудан көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сырдария аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен мектеп оқушыларын түрлі қауіптен сақтандыру мақсатындағы жұмыстар аясында кездесулер, түсіндірме жұмыстары, түнгі рейд жүргізілуде.
Сондай-ақ құқық қорғау саласының қызметкерлері мектеп оқушыларымен және аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.
– Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – еліміздегі кәмелетке толмағандардың арасында құқықбұзушылық, қылмыстық іс-әрекеттерді болдырмау. Кездесулер барысында құқықбұзушылықтардың, жастар арасында есірткі қылмыстарының алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ерте жүктілік, алаяқтық, интернет алаяқтық мәселелері туралы ақпарат берілуде. Одан бөлек қатысушыларға арнайы үнпарақ таратылды. Және сала мамандары түнгі уақытта ойын-сауық орталықтары мен дүкендерге рейд жұмыстарын жүргізеді. Осы орайда, ата-аналардан кәмелет жасқа толмаған балаларын түнгі 22.00-ден кейін бақылаусыз қалдырмауын сұраймыз, – дейді Сырдария аудандық прокуратурасының прокуроры Ә.Төлегенова.
Бала қауіпсіздігі мен тәрбиесі – мәңгілік тақырып. Осы ретте аталған құқықтық түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жалғасатынын айта кету орынды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ