Тұрғындар тілегін тыңдады
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың есепті кездесулері Айдарлы, Жетікөл және Аманкелді ауылдарында басталды. Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, «АMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, дербес бөлім басшылары мен мекеме басшылары қатысты.
Кездесулерде аудан басшысы өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
– Жақында облысымызға Үкімет басшысы Олжас Абайұлы Бектенов келіп, жаңа әуежайдың ашылуына қатысты. Сонымен қатар Бесарық ауылындағы «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуымен танысып, өңірдің дамуына оң бағасын берді. Бұл жұмыстар – өңір халқының бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесі. Президентіміздің, Үкіметтің және аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен Сыр өңірінде мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд теңге болатын. Бүгінде бюджет көлемі 744 млрд теңгеден асты. Бұл ауқымды қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды.
Есепті кезеңде ауданда өнеркәсіп өндірісі 67 пайызға ұлғайса, өңдеу өнеркәсібі 12,2 пайызға өсті. 2024 жылдың 10 айында негізгі капиталға 63,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 13,9 пайызды құраса, құрылыс жұмыстарының көлемі 76 пайызға ұлғайды. Есепті кезеңде ауыл шаруашылығы саласы бойынша 23,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Халықты сапалы ауызсумен қамту үшін Тереңөзек кентінде 10 көшенің, Шаған және Аманкелді ауылында 6 көшенің су құбырлары жаңартылды. Сонымен бірге Аманкелді, Қоғалыкөл, Шіркейлі және Н.Ілиясов елді мекендеріне 4 су мұнарасы жаңадан орнатылды, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Биыл Айдарлы ауылының құрылғанына – 50 жыл. Елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстар атаулы дата аясында ұйымдастырылуда. Биыл ауылдағы «Уәлихан» және «Тораңғылды» каналдары қазылып, аяқсу мәселесі шешімін тапты.
Жетікөл ауылында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында 6 көшеге бейнебақылау камералары орнатылса, Аманкелді елді мекенінде А.Ағайдаров, А.Жанкин, М.Қалымбетов көшелерінің ауызсу құбырларын жаңғырту жұмысы жүргізілді.
Кездесулерде елді мекен тұрғындары инфрақұрылымдық, білім, қоғамдық көлік және басқа салаларға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан әкімі барлық ұсыныс бақылауда болып, тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты. Кездесулерден соң аудан басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Айта кетейік, аудан әкімінің тұрғындармен есепті кездесулері А.Тоқмағанбетов, С.Сейфуллин ауылдық округтерінде жалғасын тапты.
«Тт» ақпарат