Тұрғындармен кездесті
Аудан әкімі Б.Сәрменбаев Тереңөзек кентінің, Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде ІІІ тоқсанның қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме және бөлім басшылары қатысты.
Аудан басшысы елді мекендерді дамытуда нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
– Мемлекет басшысы халықтың әлеуетін арттыру үшін нақты тапсырмаларды жүктеді. Облыс әкімінің қолдауымен ауданға қарасты елді мекендерде жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде Қалжан ахун ауылында газдандыру жұмыстары жүргізіліп, жақын арада тұрғындар игілігін көреді деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар елді мекендегі фельдшерлік-акушерлік бекет күрделі жөндеуден өтті. Ал С.Сейфуллин ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары биыл басталып, келер жылға өтпелі болады. А.Тоқмағамбетов ауылын да табиғи газға қосу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұйырса, келесі жылы ауылға газ келеді. Одан бөлек электр желілерін жаңартуға қатысты тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз. Ал, кентте атқарылып жатқан жұмыстар халықтың көз алдында, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Есепті кездесулерде тұрғындар инфрақұрылымдық, ауыл шаруашылығы, білім, медицина салаларына қатысты мәселелерді көтерді. Аудан әкімі барлық мәселе назарға алынып, заңдылыққа сәйкес шешілу жолдары жүргізілетінін жеткізді.
«ТТ» ақпарат