Н.Ілиясов пен Шаған ауылында есепті кездесулер өтті
Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Н.Ілиясов және Шаған ауылында тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. ІІІ тоқсандағы есепті кездесулерге облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов, құқық қорғау қызметкерлері, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Аудан басшысы биылғы алғашқы жартыжылдықта ауданда кәсіпкерлік саласы тиісті деңгейде дамып келе жатқанын атады.
Аудан басшысы биылғы алғашқы жартыжылдықта ауданда кәсіпкерлік саласы тиісті деңгейде дамып келе жатқанын атады.
– Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде кәсіпкерлікті дамытуда көптеген мемлекеттік бағдарламалар іске асуда. Соның негізінде, аймақ басшысы ауданға зор қолдау көрсетіп, кәсіппен айналысатын жандарға мол мүмкіндік жасалуда. Жалпы, 2023 жылдың 6 айында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 1,4 млрд теңгені құрайтын 184 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Биылғы жылдың соңына дейін құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықтың табысын арттыру мақсатындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға аудан халқы белсенділік танытуда. Бүгінде бағдарлама аясында
3 млрд теңгені құрайтын 489 жобаның құжаты анықталып, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына ұсынылуда. Аймақ басшысының қолдауымен егінге су жеткізіліп, бап-күтімі жасалды. Жақын арада науқандық жұмыстар басталады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Ауданға қарасты Н.Ілиясов ауылын газдандыруға демеушілік есебінен жоба жасалып, бюджеттік өтінім ұсынылған. Облыс әкімінің бастамасымен өткізілген «Үздік елді мекендер» байқауында іргелі ауыл бірінші орынды жеңіп алды.
Ал аудандағы үлкен ауыл – Шағанда А.Атақаев көшесі орташа жөндеуден өтті. Сондай-ақ, ауылдағы 5 көшенің ауыз су құбырлары жаңартылуда. Одан бөлек, биыл елді мекенде электр бағаналарын жаңарту жұмыстары басталмақ.
Кездесулерде тұрғындар ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда, елді мекендер халқы инфрақұрылымдық жұмыстар, қоғамдық тәртіп, әлеуметтік салаға қатысты өздерінің мәселелерін айтты. Аудан басшысы ұсыныс-пікірлер негізінде жұмыс жүргізілетінін, мәселелер тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.