Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Цифрлық даму министрлігі газет-журнал тарату қызметін басқа министрлікке бермекші

Цифрлық даму министрлігі газет-журнал тарату қызметін басқа министрлікке бермекші

Мәжілісте «Қазпошта» қызметін дамытуға арналған заң жобасы талқыланып жатыр. Іс-шара кезінде газет-журналдарды тарату субсидиясының күрт қысқарғаны белгілі болды, деп хабарлайды Кaz.inform.kz.

Депутат Аманжол Әлтай «Қазпоштаның» басылымдарды жеткізу шығынын субсидиялау функциясын Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзыретіне беру туралы мәселе көтерді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек бұл ұсынысты қолдайтынын айтты.

«Бұрын біздің министрлік Мәдениет министрлігімен біріктірілген болатын. Бір министрлік болғандықтан субсидияны бірден бердік. Қазір екі министрлік бөлек-бөлек шықтық. Сондықтан осы басылымдарды тарату қызметтерін негізінде Мәдениет және ақпарат министрлігі өзіне алу керек. Мен солай ойлаймын», - деді вице министр.

Оның сөзінше, соңғы бір жылда газет-журнал тасымалының субсидиясы 3 есе қысқарып қалған.

«Біз жыл сайын бюджеттен 10 млрд теңгедей қаражат алатынбыз. Оны түгел субсидияға береміз. Бірақ биыл бізге 3 млрд теңге ғана берілді. Яғни, басылымдарды жеткізу субсидиясының көлемі бізге байланысты емес», - деді Асхат Оразбек.
04 желтоқсан 2024 ж. 51 0