Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрметті ардагер – ел ардақтысы

Құрметті ардагер – ел ардақтысы

Ауданда облыстық ардагерлер кеңесінің «Елдіктің тоғыз бағыты – жас ұрпаққа бағдар» тақырыбында өткен семинар-кеңесте бірқатар ардагерлер марапат төрінен көрінді.

Алқалы жиында Аманкелді ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмағанбет Құдайбергенов «Қызылорда облысының Құрметті арда­гері» төсбелгісімен марапатталды. Мерейлі марапатты ақсақалға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев тапсырды.

Ардақты ардагер ауылдың ғана емес, аудан, облыс­тың дамуына атсалысып келеді. Ауылдағы ардагерлер кеңесінің атқарушы билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналуына, өзекті мәсе­ле­лердің шешілуіне үлес қосуда.

Аманкелді ауылының азаматы Нұрмағанбет Рыспайұлы – 1949 жылдың тумасы. Кеңшарда жұмысшы болып еңбек жолын бастап, арнаулы оқу орнын бітірген соң «техник-құрылысшы» маман­дығын алған. Аманкелді атындағы совхоздағы құры­лыс цехында құрылыс шебері болып жұмыс істеген. Әскери міндетті борышын атқарған соң туған ауылына оралып, құрылыс цехына аға прораб жұмысына қабылданады. Әрбір іске аса жауапкершілікпен кірісетін азамат совхозда беделді ұйым Комсомол ұйымының секретарлығына сайланады.

Бұрынғы Ленин ауылдық, қазіргі Аманкелді ауылы Советінің төрағасы қызметіне де сайланады. Әр жылдары жауапты қызмет атқарған Н.Рыспайұлы совхоз директорының халықты әлеуметтік қорғау және тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, 1993-1995 жылдар аралығында Ленин ауылының әкімі болып тағайындалады. 1998 жылдан зейнетке шыққанша Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінде орман күзетшісі, орман шебері, орманшы қызметін абыроймен атқарады.

Ауыл ардақтысы көптеген жоғары марапат алған. Ақсақал қоғамдағы белсенділігі үшін Қазақстан ардагерлерінің «Батыр Шапағаты Бауыржан Момышұлы» медалімен марапатталған.

– Саналы ғұмырымда ауылдың өсіп-өркендеуіне, дамуына, халықтың ауызбірлігін сақтауға жұмыс істедім. Әлі күнге дейін қоғамнан алыстаған емеспін. Қазір шүкір, ел-жұрттың жағдайы жақсы. Екі қолға бір жұмыс табылады. Тек ебін тауып, әрекет етсе, мемлекеттік қолдаудың да аз емес екені белгілі. Ауылдың үлкендері әрдайым жастарға қолдау білдіріп, жаңа бастамаларға ақ батамызды береміз. Аудан орталығынан шалғайда жатқан ауылда әлеу­меттік мәселелер шешімін табуда. Кәсіпкерліктің дамуы­на жастар да ынталы. Қолынан келетін істі кәсіп­ке айналдырып, бала-шағасын асырауда. Ауыл тұрғын­дарының дені мал шаруашылығына, егінге бет бұрып, нәпақасын тауып отыр. Біздің тілегіміз елдің бірлігі. Аудан орталығында өткен жиын­да марапат алдым. Бұл еңбегіме қоғамның берген бағасы деп білемін. Егемен еліміздің еңсесі биік болсын, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз баян­ды болғай! – дейді ардақты ардагер Нұрмағанбет Құдайбергенов.

Бибісара ЖАНӘЛІ
09 қараша 2024 ж. 124 0