Облыстың құрметті ардагері атанды
Қызылорда қаласындағы Достық үйінде облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда қоғамдағы бірқатар өзекті мәселелер талқыланып, оны іске асырудың жолдары сөз етілді.
Жиынға облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов, облыстық жергілікті атқарушы органдардың басшылары, ардагерлер қоғамдық ұйымының жетекшілері, тұрақты комиссия мен салалық ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты. Ауданымыздан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев арнайы қатысып, жиында айтылған басым бағыттар мен маңызды міндеттерде сырдариялық ардагерлердің үлес салмағы айрықша екені айтылды.
Ардагерлер ұйымдарының басты міндеті – қарт адамдардың әлеуметтік-құқықтары мен олардың міндеттерін қорғау. Бұдан бөлек, аймақтың ардагерлер ұйымы ел болашағы жастарды патриотизмге тәрбиелеуді басты ұстаным ретінде қарастырады. Осы және басқа да мәселелер туралы кеңінен айтқан облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов аймақтың қоғамдық-саяси ахуалын тұрақтандыруда және ұлтаралық келісім мен татулықты нығайтуға облыстық ардагерлер кеңесінің үлесі зор екенін атап өтті.
– Облысымызда ардагерлер кеңесі мен бастауыш ұйымдардың жұмысын жақсарту мақсатында тұрақты түрде көшпелі семинарлар ұйымдастырылуда. Бұл аға буын өкілдерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және олардың мәселелерін оң бағытта шешуге ықпал етеді. Біздің басты мақсатымыз – ардагерлерге құрмет көрсету және ұрпақтар сабақтастығы негізінде жүйелі жұмыстарды жалғастыру, жандандыру. Бұл бағытта Сыр елінде аймақ басшысының ұйытқы болуымен іргелі істер атқарылып жатыр. Оның басы-қасында ардагер аға-апаларымыздың тілекші болып жүргені бізді қуантады. Сондай-ақ өңірде денсаулығына байланысты төсек тартып жатқан, әлеуметтік тұрмысы төмен, жалғызбасты 54 үлкен буын өкілдері бар. Олардың үйіне барып хал-жағдайын сұрау және барынша көмек көрсету шаралары үздіксіз жүргізілуде, – деді Шахмардан Асқарұлы.
Басқосуда 70-тен аса белсенді ардагер «Қызылорда облысының құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталып, құрмет төрінен көрінді. «Облыстың құрметті ардагері» төсбелгісімен ауданымызға белгілі ұстаз, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Ұлмекен Жаналиева да марапатталды.
Марапат иесі өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, ауданның қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуына арнап келеді. Сонымен қатар «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігін де басқарып, отбасы құндылығын нығайту, әйел-аналардың рөлін арттыру, ашық азаматтық қоғам қалыптастыру бағытында да зор еңбек сіңіруде. Ол сондай-ақ «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері.
Редакция ұжымы ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен Ұлмекен Шанайқызын «Қызылорда облысының құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталуымен құттықтап, зор денсаулық, мол бақыт тілейді.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ