Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мерейлі мерекедегі марапат

Мерейлі мерекедегі марапат

25 қазан – Республика күніне орай аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті бірлесе отырып білім саласында елеулі еңбек етіп жүрген ұстаздарға, ауылдық өнер мектептерінің ұстаздарына, кітапханашыларға және бірқатар кәсіподақ ардагерлеріне құрмет көрсетті. Мерекелік салтанатқа аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып, білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы Алмас Есназар, кәсіподақ ардагерлері, кітапханашылар, оқу ісінің үздіктері мен ұстаздар қауымы қатысты.

Мерекелік іс-шараны аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар ашып, жүр­гізіп отырды. Алғысөзді аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып сөйлеп, ұстаздар қауымы мен сала ардагерлерін айтулы мерекемен құттықтады. Сондай-ақ білім бөлімі басшысы өз сөзінде ұлттық мерекемен тұспа-тұс келіп отырған кітапханашылар күнімен де құттықтап, сала мамандарына құттықтауын жеткізіп, аталған саладағы жемісті еңбектеріне тоқталып өтті.

– 25 қазан – Республика күні еліміз үшін тарихи маңызы жоғары мерекенің бірі. Қазақстанның Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 30 жылдан астам уақыт өтті. Әрбір қазақстандық үшін бұл маңызды оқиға ұлттың бірлігін, мем­лекеттің дамуын және халықтың еркіндігін бейнелейді. Республика күні – елдің тарихындағы осы маңызды кезеңді еске алып, мемлекеттілікті дәріптейтін ерекше мереке екенін атап өту маңызды. Бұл күн еліміздің егемендік жолындағы қадамдарын еске салып, халқымыздың болашағына үлкен сенім мен үміт береді. Бұл мерекеде еліміздің әрбір азаматы бір-бірін құттықтап, мемлекетіміздің гүлденуін тілеу – үлкен қуаныш. Еліміздің жарқын болашағы сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесінде қалыптасады. Осындай айтулы күнге жетуімізге себепкер мына сіздер, яғни ұлағатты ұстаздар қауымының талай жылдар бойы өскелең ұрпақты сапалы білім мен тәлімді тәрбие берудегі қажырлы еңбегінің нәтижесі. Респуб­лика күні құтты болсын, еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын, – деді аудан­дық білім бөлімінің басшысы.

– Құрметті ұстаздар, ардақты арда­герлер сіздерді Ұлттық мереке Рес­публика күнімен құттықтай отырып, әрбіріңізге мықты денсаулық, бейбіт өмір және толағай табыс тілеймін. Тәуелсіз еліміздің жетістіктерін бірге тойлап, алдағы уақытта да еліміздің даңқын асқақтатуға атсалыса берейік. Еңбектеріңіз еліміздің дамуына қосқан үлкен үлес. Сіздерді Республика күнімен құт­тықтай отырып, еңбектеріңіздің жемі­сін көріп, елімізбен бірге гүлдене берулеріңізді тілеймін, – деді Алмас Зейноллаұлы.

Келелі жиын барысында білім саласы қызметкерлері де айтулы күннің маңыздылығына тоқталып, мерекелік құттықтауларын жеткізді.
– Республика күні баршаңызға құтты болсын! Егемен елімізді дамыту жолында әрқайсымыздың үлесіміз зор. Отанымыздың гүлденуіне өз еңбегімізбен үлес қосып, бірлік пен татулықтың негізінде ұлы мақсаттарға жетіп, тәуелсіз Қазақстанның жетіс­тіктерін бірге тойлап, алдағы уақытта да еліміздің даңқын асқақтата берейік. Еліміздегі бейбітшілік пен бірліктің арқасында үлкен белестерді бағындырып, жарқын болашаққа бірге қадам басайық, – деді ардагер-ұстаз Әбілқасым Сүлейменов.

Ізгі лебізбен қатар, мерекелік кеш білім саласындағы алуан істердің атқарылуына сеп болып жүрген сала мамандарын марапаттаумен жалғасын тапты. Жиын барысында №126 орта мектебінде 16 жыл бастауыш кәсіподақ ұйымын басқарған Айдан Мұсақызы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Дәл осындай төсбелгісімен О.Әбілпаттаев атындағы №210 орта мектебінің баста­уыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланып, қоғамдық белсенділігімен танылып, сала қызметкерлерінің құқы­ғын қорғау жолында жиырма жылдан астам жемісті еңбек еткен ардагер-ұстаз Әбілқасым Сүлейменов марапатталды. Сонымен қатар әлеуметтік әріптестік аясында мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің әлеуметтік құқығын қорғауда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүрген Аманкелді ауылындағы «Айгүл» балабақшасының меңгерушісі Сәрсенкүл Мырзахметқызы «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды. Сәдуақасовтар отбасылық ансамблінің жетекшісі, облыстық кәсіподақ комитетінің ұйым­дастыруымен өткізілген Наурыз шапағаты фестивалінің бірнеше дүркін лауреаты, Сырдария аудандық өнер мектебінің директоры Марат Сәдуақас саладағы қажырлы еңбегі үшін төс­белгімен марапатталды.

Мерекелік іс-шара барысында сонымен қатар сала мамандары облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хатымен», облыстық кәсіподақ комитетінің «Құрмет грамотасымен» және аудандық білім бөлімі мен аудандық кәсіподақ комитетінің бірлескен «Құрмет грамотасымен» марапат­талды. Марапат иелеріне гүл шоқтары мен арнайы сый-сыяпат табыс­талды.
Ұстаздар құрмет төрінен көрініп, мерейі артқан атаулы күнге арналған іс-шара аудан өнерпаздарының мерекелік ән шашуымен жалғасын тауып, мере­кені думанға айналдырды.

Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
25 қазан 2024 ж. 152 0