Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қаламгермен кездесу

Қаламгермен кездесу

Сырдария аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы, «Кәсіпкер келбеті» газеті, «Кәсіпкер және мәдениет» журналының бас редакторы Жүзбай Таңрықбаевпен «Жүзі жарқын қаламгер» атты кездесу кеші өтті.

Қаламгермен кездесу кешіне аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Б.Смайлов, «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы А.Ибрагимұлы, Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Тобағылов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрағасы Ш.Нұрсейіт, кітапхананың тұрақ­ты оқырмандары Е.Қозыбаев, М.Елеусінов, Б.Мырзаш, М.Қалмұратұлы және оқушылар қатысты.

Кітап – рухани құндылық. Адамға ауа қандай қымбат болса, рухани нәр беретін кітап та одан бір кем емес. «Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік» деген Ғабит Мүсіреповтің сөзі бар. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» деген. Ауданның орталық кітапханасының кітапханашылары рухани құндылықты насихаттауда тағылымды кеш өткізді. Жастар, ұстаздар қауымы мен кітапхана оқырмандары қатысқан кездесу қаламгер туралы дайындалған бейнешолумен басталды. Жазушының өмірі мен шығармашылық жолы экран арқылы таныс­тырылды. Өнегелі өмір иесі, қаламгерге жақында облыста өткен «Алтын күз» мерекесінде Қызылорда қаласының Құрметті азаматы атағы берілген.

– Жүзбай Таңрықбаев 1950 жылы 10 мамырда Қызылорда облысы Шиелі ауданы қазіргі «Жаназар батыр» ауылында дүниеге келген. 1968 жылы мектеп бітіргеннен кейін, 1971 жылы Қызылорда политехникумынан техник-механик мамандығын алған. Мамандығына сай жұмыс істеп, автокөлік сала­сын­дағы бірнеше мекемеде жауапты қызметтер атқарады. Еліне еткен қызметі бағаланып, «ҚР құрметті автокөлікші» төсбелгісімен марапатталды. Жүзбай Таңрықбаев өзге салада жүрсе де қолынан қаламын тастаған емес. Жылт еткен жаңалықты, үлгі етер ойларын баспасөз арқылы халыққа жеткізуді келешек ұрпақ алдындағы парызы санайды. «Жайсаң жандар», «Сұлушаш», «Өмірдің өз шындығы», «Жол­дағы ойлар» секілді оннан аса кітаптың авторы. Жасынан әдебиетке, жазуға жаны құмар Жүзбай Ибрагимұлы еңбегінің арқасында Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Шиелі ауданының Құрмет­ті азаматы, облыстың құрметті ардагері. «Ел ардақтысы», «Бейбітшілік Әлемі» Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің «Алтын қыран» медалін иеленді, – деді кеш жүргізушісі кітапханашы Раушан Құлмаханова.

Жүзбай Таңрықбаев еңбек жолын көлік жүргізуші­сі болып бастап, механик, өндіріс шебері, гараж меңгерушісі қызметін атқарып, автобаза дирек­торлығына дейін көтерілген. Жастайынан жаны сурет салуға жақын болған азамат өнерден құр алақан болмаған. Сырнай тартып, ән айтып, қойылымдарда рөлдерді сомдаған. Сыр ақыны Дүйсенбек Аяшұлы қаламгер жайлы: «Негізі техник мамандығын алмаған­да сөз жоқ не театрды, не журналистика саласын таңдар еді» деген сөзі шындыққа айналған.

– Негізгі мамандығым техникамен байланысты болды. Қарапайым еңбек адамы ретінде еңбек етіп, автобаза басшылығына дейін жоғарыладым. Адам өмірінде ата-анасы қаншалықты маңызды орын алса менің де әке-шешем мен үшін өте қымбат жандар болды. Бауырларымызға қарасып, бір-бірімізді алға сүйредік. Әкеміздің айтқанымен бауырымның малын бағып, қызметтен бас тарттым. Зейнеткерлікке абыроймен жетіп, қаламгерлікке ден қойдым. Өзім­нің жазушылық қабілетімнің арқасында он шақты кіта­бым жарық көрді. 2014 жылдың наурыз айынан бас­тап кәсіпкерлерге арналған облыстық «Кәсіпкер келбеті» газеті мен республикалық «Кәсіпкер және мәдениет» журналын қоса шығара бастадым. Алғаш­қы нөмірін қолдау білдірген азаматтардың арқасында шығардым. Базарда тұрып газет сатылды. Жиналған қаржыға басылымның кезекті нөмірі дайындалып, оқырмандарына жол тартты. Қазір 10 жылдан бері шығып келетін газет пен журнал облыста өз оқырманын қалыптастырды. Редакцияның өз мекен-жайы бар. Бұл ретте облыс басшысының қолдауына алғысымды білдіремін. Баспасөзге жазылу науқаны кезінде қолдау білдіруде, – дейді қиындығы мен қызығы мол саланы тізгіндеген ардақты ардагер.

– Шын мәнінде былайғы жұртқа журналистикаға қатысы жоқ адамның бұл әрекеті жай қызығушылық сияқты сезіледі. Алысқа ұзамай жабылып қалатын шығар деп ойлағандар да көп еді. Өйткені, мемлекет тарапынан жәрдем алып отырған газеттердің де құлашын кеңге сермеуі екіталай. Оның үстіне басылу шығыны, жазылу, таратылу бейнеті тағы бар. Осының бәрін үйлестіру бір адамның мойнына түскенде оның салмағын немен өлшеуге болады? – деп сұрақ қойған кітапханашының сауалына бас редактор тұщымды жауап берді.

– Иә, расымен айтып өткенімдей алғашқы нөмір шығарғанымда қалтамда көк тиын болмады. Демеушілердің арқасында шықты. Бірақ сол кездегі облыс әкімі басылымның дер кезінде шыға бастағанын, бұл облыс кәсіпкерлеріне үлкен қолдау екенін айтты. Міне, облыс әкімінің ақ батасын алған соң редакция жұмысы ілгерілей бастады. Көптеген шығындар жабылып, кеңсеге де қолымыз жетті. Ал қаламгерлігім, шабытым зейнеткерлікке шыққан соң келді. Өмірдің өзінен алынған оқиғалар кітапқа арқау болды, – дейді қаламгер Жүзбай Таңрықбаев.

Кездесуде оқырман қауым ұстаздар мен оқушылар қаламгердің кітабынан оқыған әңгімелері жайында пікір білдірді. Шығармашылық талдау жасады. Оқырман­дарға міндетті түрде жазушының кітабын алуға, оқуға шақырды. Кеш қонақтары аудандық газет редакциясының бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Мүсілім Қалмұратұлы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Ш.Нұрсейіт, «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы А.Ибрагимұлы сөз алып, тәрбиелік мәні зор кездесуді ұйымдастырушыларға, жазушының шығар­машылығына, оқырмандарға алғыс айтты.

Жүзбай Ибрагимұлы кітапханаға, әңгімелерін талда­ған оқырмандарға, өз өнерін көрсеткен жас күй­шіге сыйлыққа кітабын берді.

Бибісара ЖАНӘЛІ
19 қазан 2024 ж. 186 0