Бар құрметке лайық
Аудан экономикасының дамуына, жаңғыруына, тұрмысының жақсаруына, мәдениеті мен руханиятының байи түсуіне, ел қызығатындай өлкеге айналуына адал еңбегімен үлес қосып, маңдай терін төккен азаматтар жетерлік. Осындай нар тұлғалы, өзіндік орны, мәртебелі төрі бар азаматтардың бірі – Алданберген Құлбаев.
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы, ауыл шаруашылығы саласының майталманы Алданберген Құлбаевты қабылдап, мерейлі 75 жас мерейтойымен құттықтады.
– Алданберген Бодыбайұлы еңбек жолын Шаған ауылындағы «Тереңөзек күріш» совхозында звено жетекшісі, бөлімше агрономы болып бастап, Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етіп келеді. Өмір жолында тәжірибелі агроном аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, облыстық орман шаруашылығының бас директоры қызметтерін абыроймен атқарды. XVIII партсъезд, XXI партсъезд, Шіркейлі, Іңкәрдария, Қалжан ахун совхоздарының, «Шапағат-Лимитед» серіктестігінің директоры болып, шаруашылықтар жұмысын жүйелі жүргізді. 2008 жылдан бастап «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы қызметін атқарып, ел несібесін арттыруға елеулі үлес қосып келеді. Қызметтік жолында Алданберген Құлбаевтың тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, аудан орталығынан мұражай ғимаратын салуға атсалысқанын жұртшылық жақсы біледі. Осындай қажырлы еңбегінің нәтижесінде білікті агроном құрметке бөленіп, Сырдария ауданының Құрметті азаматы атанды, «Құрмет» белгісі, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен қатар «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Мерейлі мерейтойыңыз құтты болсын, – деді аудан әкімі.
Аудан басшысы мерейтой иесіне Құттықтау хат және облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрмет грамотасын» табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.
Мерейтойлық қабылдауда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, еңбек ардагерлері, әріптестері Төлеу Сүлейменов, Ұлмекен Жанәлиева, Нұрлан Оразбеков, Марат Омаров құттықтау тілектерін жеткізіп, мерейтой иесінің ел үшін атқарған еңбектеріне тоқталды.
Айта кетейік, қазіргі Тереңөзек кентіне қарасты О.Мәлібаев елді мекені бұрын бөлек ауыл еді. Бұл ауыл Қалжан ахун ауылына жақын орналасқан, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан елді мекен. Аталған ауылдардың өсіп-өркендеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Небір қиын кезеңдерде елді мекен тұрғындары бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетіп, еңбекпен, ертеңгі күнге деген сеніммен аумалы-төкпелі кезеңдерді еңсере білді. Өтпелі кезеңде шаруашылықтың жұмысын ширатып, тізгінді қолға алған Алданберген Құлбаев елді мекендерді құрылыс алаңына айналдыра білді. Бүгінде 75 жасқа абыройлы мәртебемен қадам басқан азаматтың ауданның дамуы жолында жасап келе жатқан игі істері бір кітапқа арқау боларлықтай.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ