Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Басылым тірегі – тұрақты оқырман

Басылым тірегі – тұрақты оқырман

Баспасөзге жазылу науқанында жергілікті газетке тұрақты түрде жазылып, қолдау көрсетіп келе жатқан азаматтардың бірі де бірегейі – Алданберген Құлбаев. Ауыл шаруашылығы саласының білікті майталманы атанған азамат биыл да жылдағы үрдісінен жаңылмай «Қызылдихан» шаруа қожалығының атынан 44 дана «Тіршілік тынысы» газетіне жаздыртып берді.

Шаруа қожалық төрағасының пікі­рінше, мерзімді басылымдар – ұлт ру­ханиятының темірқазығы. Себебі, газет жергілікті жердің жаңалығын жария етумен қатар ағартушылық қызметті де қатар атқарады. Жұрт­шылық газеттен дәйекті, дәлелді ақпараттарды оқып, танысады және сол арқылы білімін кеңейтеді.

– Әр қоғамда сан түрлі ақпарат құралдары қызмет етіп келді. Олар­дың қатарында газеттің алар орны ерекше. Ұзақ жылдар халық пен биліктің арасында алтын көпір, қоғамның жаршысы болған да – газет. Жалпы, «Газет керек пе? Кім үшін керек?» деген сауалға бе­ретін жауабымыз мынау: газет керек! Ол ең алдымен қоғамға, он­да өмір сүретін адамдарға керек. Әлі де қоғамымызда көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты, газет оқитын жандар баршылық. Оны аз десеңіз, өркениетті, жалпақ әлемді техникалық, технологиялық озық ғылымымен таң қалдырып келе жатқан елдердің өзінде сан миллиондаған таралыммен газеттер шығып жатыр. Сондықтан тоқсан ауыз сөздің тобықтай тү­йіні ретінде газет адамға ауадай қажет деп есептеймін. Осы орайда жыл сайын «Қызылдихан» шаруа­ қожалығы аудандық газетке жазылып келеді. Өз кезегінде «Тіршілік тынысы» газетінің тілшілері де біз­дің жұмыстарымызға ақпараттық қол­дау көрсетуде, – дейді Алданберген Құлбаев.

Айта кетейік, аудандық газетте «Қызылдихан» шаруа қожалығының егін науқанына дайындығы, егін жи­науға лента қию рәсімі, шаруа­шылық жетістіктері жөнінде ма­қалалар тұрақты түрде жарияланып келеді. Шаруашылық тарапы­нан елді мекендегі мектеп пен балабақшаға, тұрғындарға жасап жат­қан қолдаулары ақпарат бетіне жариялануда. Сондай-ақ жер­гілікті басылым шаруашылықтың озат егін­шілерінің де еңбектерін лайық­ты ба­ғалауда. Бұл – қос ұжым арасын­дағы әріптестік байланыстың белгісі және оның алдағы уақытта да жал­ғаса беретіні анық.

«ТТ» ақпарат
10 маусым 2023 ж. 181 0