Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бейсен және болмыс

Бейсен және болмыс

2015 жылдың күзі. Студенттік өмірге енді ғана бой үйреніп, жатақхана мен университеттің арасында адаспай әрі оқу жүйесіне де біршама төсе­ліп қалған кезіміз. Өзімізді кәдімгі қалалық студент сезініп, түрлі іс-шара мен үлкен тұлғалармен кездесуді құр жібергіміз келмейтін.

Өнер мен білім, жастық пен жалынды студенттер қаласы атанған Алматыда білім алудың бір жақсы жері, үлкен ғалымдармен, кітап авторларымен, небір тұлғалармен, әртіс-әншілермен бетпе-бет жүзде­су «қолжетімді» болатын. Теледидардан, кітап-журналдан оқыған, көрген тұлғалармен кездесу, емін-еркін әңгіме-дүкен құру ауылдан енді келген жас үшін үлкен шабыт беретін.

Бір күні жатақханада белгілі журналист Бейсен Құранбекпен кездесу өтетін болды. Тау тұлғалы ағаның суреті бейнеленген шақырту қағаздары онлайн түрде де, жатақхананың хабарландыру тақтасында да кеңінен таратылып жатты. Ауылда кешкі астың уақытынан соң міндетті түрде теледидардан «Айтуға оңай» қосылатын. Отбасымызбен отырып тамашалап, кейіпкерлердің жай-күйіне шынайы күйініп, яки бірге қуанатынбыз. Күн сайын теледидар арқылы «жүздескен» тау тұлғалы, сөзі мығым, жүзінен жүрегінің тазалығы көрініп тұратын журналист ағаны көру, кездесу неше рет ұйықтасам да ойыма келе қоймапты. Сірә, қол жетпес арманға баласам керек, кездесу туралы ойыма да кіріп шықпапты.

Айтпақшы, бұл менің Бейсен ағамен кездесуге алғашқы талпынысым емес еді. Арман қала Алматыға оқуға түсіп, журналистика саласына деген қызығушылығымыз артқан сол бір кездерде құрбыларымнан «Айтуға оңайға» көрермен болып қатысуға болады екен» деген хабар алдым. Әрине, телевизиялық жоба, одан қалса ауылдан ере келген мінездегі ұяңдық басым ұлттық арнаға жетіп баруға қысылып, біраз уақыт өтті. Содан бір күні қасымдағы құрбыларым үгіттеп жүріп, телеарнаға барып көруге көндірді. Бара эфирге кіріп кетпесек те, танымал журналистермен жүздесіп қалармыз, бәлки тілдесіп қалармыз деген үлкен үмітті арқалап, «Көктем» ықшам ауданының көшелерін тізбектеп, жаяу тарттық. Ұлттық арнаның Алматы қаласындағы филиалы ҚазҰУ-дан аса алыс емес еді. Жаяуласаң жарты сағатта жетіп баратын жер. Содан не керек, «Ұлттық арнаға барсақ, танымал тұлғаларды көреміз» деген үмітімізді есік алдындағы күзетші құмға су құйғандай қылды. «Түсірілім жүріп жатыр, әрі қарай өте алмайсыңдар» деп сол жерден келген ізімізбен кері қайтуымызды сұрады. «Ағатайлап» жүріп, ұлттық арнаның дәлізін аралап шығуға әрең көндірдік. Небір тұлғалар, телеарна тарихы, мұнда әр жылдары қызмет еткен танымал адамдар... Бірі қалмай, бәрінің суреті дәліз бойында үлкен көрмедей стендтерге орналастырылыпты. Сөйтіп, бұл жолғы сапарымыз сәтті болмаса да, небір тұлғалардың табаны ти­ген табалдырықтан өтіп, есік алдында бір-екі рет суретке «шырт» ет­ке­німізді олжа санап кері қайттық.

Бірақ, бұл жолы Бейсен ағамен бетпе-бет әрі кіш­кентай аудиторияда кездесудің сәті түсті. Бұл де­геніңіз – емін-еркін тілдесуге мүмкіндік туады деген сөз. Әдетте, үлкен сахнада өткен іс-шараларда үлкен тұлғаларды сыртынан тамашалап, қол соққаның болмаса, жақын сөйлесуге мүмкіндік бола бермейді. Сту­денттік кеңестің ұйғаруымен бұл жолғы кездесу жатақхананың акт залында өтетін болды. Бас-аяғы жиырма-отыз кісі сиятын залда Бейсен ағамен тілдесудің сәті түсетіні анық еді. Бірақ... Дәл кездесу белгіленген күнгі сабақ кестесі кешкі сағат 7-ге дейін екен. Қырсыққанда, кездесуге үлгермеймін бе деген ой тағы келді. Бірақ кездесу уақыты кешкіге шегеріліп, кешіксем де үлгерудің мүмкіндігі туды. Содан сабақ біте сала қасымдағы құрбыммен алқынып жатақханаға келдік. Бөлмеге бармай тұрып, бірден акт залға бет алдық. Есік жабық, іштен ер кісінің әсем сазды даусы шығады. «Әттеген-ай, кешіктік...» Акт залдың сахна деп айтуға келмейтін кішкентай алаңында Бейсен Құранбектің өзі отыр. Үлкен кісімен кездесу өтіп жатқанда кескестеп кіргеніміз ұят болар деп әрі Бейсен ағаның өзін көргенімізге көзіміз сенбей өңмеңдеп есіктен сығалап тұрғанымызды, сірә, өзіміз байқамасақ керек. Бейсен аға бұны бірден байқап, есік жаққа қарап «Әә, кешігіп қалғандар бар екен, кіре қойыңдар» деді. «Бізге айтып жатыр... Иә, иә...»

Қасымдағы қыз екеуміз екін­ші қатардан орын ал­дық. Құп қылғанда, кездесу енді басталған беті екен. Жүргізуші сұрақ қояды, Бейсен аға жауап береді. Теледидардан көрген адамды өмірде көргеніме тамсанып, отыра беріппін. Бейсен аға теледидардан көр­гендегіден сәл басқаша көрінді маған. Бойы ұзын, алып денелі кісі. Жарықтық, сөйлегенде құлағыңды ашып, аузыңды жауып тыңдап қана отыра бергің келеді. Бейсен аға өзінің өмір жолын айтты, қызметін айтты, «Айтуға оңайдың» жұмысын айтты... Ағаның бұл жобаға жай қызмет ретінде емес, әр кейіпкерге шынайы жаны ашып қарайтынын түсіндік. Себебі неше бағдарлама болса, сонша кейіпкері есінде. Оларды қалай тапқаны, қалай байланысқаны, сол үшін әр жерге, алыс ауылдарға барып жүріп, одан қалса әр кейіпкердің мәселесін үлкен есіктерге жет­кізгенін баяндады.

Кезек көпшілік алдында сөйлеу, ораторлық туралы сұраққа келді. Бейсен аға орнынан тұрды да, «Араларыңда көпшілік алдында сөйлеуге қысыла­тын, елдің алдына шыққанда қымсынып, сөйлей алмай­тындар бар ма?» деді. Бәрі сілтідей тына қалды. Былайынша ауылдың қызына тән ұяңдық мінез болғанымен, көпшілік алдында сөз тисе, сөйлеу қа­жет болса, өзімді алып шыға алатынымды біліп, мен үндемедім. Орта жақтан бір қыз қол көтеріп, Бейсен ағаның қасына барды. Мейірімі жүзінен ай­қын аңғарылып тұратын, адалдығы аузын ашса аң­ғарылатын жан еді ол кісі... Әлгі қыздың атын біліп алған соң оған «Менің атым – Ақгүл. Мен осы университеттің студентімін. Менің арманым...» дегендей бірнеше сөйлемді көпшілікке қарап тұрып айтуды тапсырды. Әлгі қыз да ауылдан келсе керек, қипақтап күлгені болмаса, жарытып ештеңе айта алмады. Бейсен аға «Маған екі минут беріңдер, санап отыр» деп жүргізушіге тапсырды да, Ақгүлді алып залдың есігінен шығып кетті. «Не болар екен» деп біз отырмыз. Арада келісілген уақыт өткен соң Бейсен аға Ақгүлді жетектеп қайта кірді де «Ал, Ақгүлжан, айт» деді. Әлгінде ғана қызарып тұрған Ақгүліміз даусы саңқылдап, өзі туралы бірнеше ақпаратты үйлестіріп, көрерменге тіке қарап тұрып айтып шықты. Міне, қызық. Бейсен аға екі минут ішінде бұл қызды қалай «тәрбиелеп» шықты? Қыздың бойындағы қорқыныш пен сенімсіздікті әп-сәтте жоюға қауқарлы қандай сөз айтты екен... Студенттер тарапынан тағы бірнеше сұрақ қойылып, жауап алынып болған соң, Бейсен аға кеш болып қалғанын, әлі де жұмысы барын айтып, кетуге ыңғайын білдірді. «Тағы сұрақ бар ма?» деді содан соң. Әлгі сұрақ көкейімде тұрып алған мен орнымнан тұрып «Аға, Ақгүлге не айттыңыз?» дедім. Бәріне сол қызық болғандай зал тынды да қалды. Бұндай сұрақ күтпесе керек, аға сәл тосылып тұрды да, «Сен де көпшілік көзінше сөйлеуге қорқасың ба?» деді. «Қорықсам, сұрамас едім ғой» дедім. «Онда оны білудің қажеті жоқ. Ол жағы құпия болып қала берсін» деп Бейсен аға жымиып қойды. Сонымен әң­гіме де, кездесу де тәмам болды.

Бойымды ерекше күш билеп, әкем мен анама «Айтуға оңайдың» жетекшісі Бейсен Құранбекті көргенімді айтуға асығып, дәліз бойымен асыға бөл­меге қарай бет алдым. Кенет ойыма бір нәрсе сап ете қалды. «Әкем мен анама...» Иә, көріп тұрғанда ол кісілердің де ағаны ықыласпен тыңдайтынын неге айтпасқа, ауылдағы ата-анамның сәлемін неге жолдамасқа?! Қайтадан жатақхана залына кіріп бардым. Бейсен аға сол жерде көп студенттің ортасында күліп, суретке түсіп жатыр екен. Қасына бардым да ауылдағы ата-анамның «Айтуға оңайды» сүйіп тамашалайтынын, әркез тілеулес болып отыратынын айттым. «Ата-анаңның жасы нешеде?» деп сұрады. Менің жауабымнан соң «Әә, менің көрерменім өзі сол орта жастан асқан кісілер. Алла ата-анаңа ұзақ ғұмыр берсін, бала-шағасының қызығын көрсін, дұғай сәлемімді жеткіз» деді. Ал енді бағана бірінші шыққандағы жүрек тулаған тулаған ба, әйгілі Бейсен Құранбектің өзі айтқан сәлемді үйдегілерге жеткізсем деп, ұшқыр қиял үстінде бөлмеге қалай жеткенімді байқамай қалыппын.

Университетті бітіріп, ауылға оралған жылы Алматы жақтан қаралы хабар келді. Журналист, қоғам қайраткері, тележүргізуші, көптің көзайымына ай­налған «Айтуға оңай» телебағдарламасының жетекші әрі жүргізушісі, «Жетісу» телеарнасының директоры, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, Талдықорған қаласының Құрметті азаматы Бейсен Құранбек дүниеден озыпты. Аты жаман ауру халықтың қамын жеген ардақты азаматты құрығына іліпті. Ақыры айықпапты. Ағаның өмірінің соңғы жылдарында түсірілген бейнежазбаны соның алдында ғана көрген едім. Ауру дендеген халық ұлының өңі солыңқы еді. Тек жанары ғана оттай жанып тұрды. Сол бейнежазбада қолына домбыра алып, күй шертіп отыр еді. Сөйтсек, сол уақыттар ағаның өмірінің соңғы күндері екен. Қазақтың қай ұлын да «Батыр» деп қанаттандырған, қай қаракөзі көмек сұрап келсе, бетін қайтармаған тау тұлға солай мезгілсіз өмірден өткен еді. Бұл қазаға бүкіл қазақтың қабырғасы қайысқанынан-ақ Бейсен Құранбектің қан­дай жан болғанын, қалай өмір сүргенін бағамдауға болатын еді.

2021 жылы ағаның ой-толғамдары, спорт саласында жазған мақалалары, сұхбаттары жинақталған «Парасат биігі» кітабы жарыққа шықты. Ізін ала бере Алматы қаласындағы «Отбасы хрестоматиясы» жобасы аясында Санжар Керімбайдың тікелей бас болуымен «Бейсен және болмыс» кітабы жарық көрді. Бейсен аға туралы жазылған бұл кітаптың алғашқы даналары біздің ауылға жетпек тұрмақ, Алматы қаласынан шықпай жатып-ақ сатылып кетті. Кітап авторы өз жазбасында «Офиске телефон толғап тапсырыс бере беріңіз. Мүмкін тапсырыс беріп қажеті де жоқ шығар. Себебі үш мың тиражбен шыққан кітапты таңғы төрттен бастап жұрт талап жатқан. Ендігі оның қорабы да қалмаған шығар. Бейсен сияқты асыл азаматтың өмірінен кімнің өнеге алғысы келмейді дейсің» деп жазды. Алғаш рет ұлттық арнаға барып, ағамен жүздесе алмай қайтқанымдай, бұл жолы осы кітапты алу арман болып қала берді. Кітапты қолыма алып оқу сондай қолжетпестей болды. Бірақ «нені шын қаласаң сол нәрсе өміріңде орын алады» деп жантану ілімінің қаузағаны, сірә, рас. Жақында әпкем сыртында «Қазпошта» деген жазуы бар түптелген буманы үйге алып келді де, алыс қалада тұратын досының беріп жібергенін айтты. Өзі асығыс болған соң, ішінде не барын ашып көруді маған тапсырды. Қатталған жапсырманы ашып жатырмын. Міне, тамаша! Қанша айдан бері қолыма түспей, оқып шығу бір арман болған кітаптың өзі. «Бейсен және болмыс». Кітаптың мұқабасында бір кезде «Ата-анаңа сәлем айт» деп жылы жымиып,­ қарапайымдылығымен жай студентпен қатар тұрып суретке түскен Бейсен ағаның кең маңдайлы бейнесі бейнеленген. Расында бұл күтпеген жағдай болды. Сөйтіп, армандап жеткен кітабымды бір дегенде ашқарақтана оқып шықтым. Теледидардан көрген, көпшіліктен естіген, естеліктен оқыған Бейсен ағаның тағы бір қырына тұшынып, өміріне тәнті болдым, толқыдым, үлгі алдым.

Құнды кітаптың алғысөзі «Бұл кітапты не үшін жаздық?» деген тақырыпты арқау еткен. Пәлсапалық тұрғыда жауап табылған сұрақ «Бейсен Құранбектің ғибратты тағдырын баяндауды мақсат еттік» деген жауаппен түйінделеді. Кітапты оқып отырсаңыз, сондай бір жылылық лебі есіп, ойыңа тыныштық сыйлайды. Кей тұстарда Бейсен ағаның өзімен сырласып отырғандай күй кешесің. Бұл кітап тек қана естеліктерден өрілмеген, философиямен көмке­рілмеген. Қос тарап қатар келіп, әдемі баяндаумен астасқан. Бірде ойландырып, бірде толғандырып, енді бірде естеліктеріне еріксіз езу тартқызады. «Кі­тап түрлі күйге бөлейтін жалықтырмас дос» деген сөзді осындай құнды еңбектерге қарата айтсақ, жарасады. Өз басым, әсіресе, естеліктер жазылған жері жиірек кездессе екен деп отырдым. Сондай бір ерекше ыстық естеліктерін оқырман назарына ұсынуды жөн санап отырмын.

«Жылдағы әдетіммен атам үйдегі малдың бар­лығын жайлауға жіберді. Бір тайдан басқасын. Бақ­шаның жерін айдатып тастады. Содан соң іргелес отырған бір ағайымды «Шақырып кел!» деп бұйырды. Ол бауырым – жасы жиырмаларға келіп қалған жігіт. Менің қаперіме ештеңе кіріп шыққан жоқ. Тайды сол ағайым үйретеді екен, мен қызықтап қарап тұрады екенмін деп ойладым. Қайдағы! Атам әлгі тайды бақшаның ортасына әкелдірді, ағайым оның құлағын басып ұстап тұрды. «Мін!» деп бұйырды атам. Мен «шынымен маған айтып тұр ма?» деп таңданып, жан-жағыма қарадым. «Мін деймін!» деп қайталады атам.

Осыған дейін тай үйреткен тақымы босаңдау жі­гіттердің құлағанын сыртынан көріп, жүрегім шайлығыңқырап қалған болатын. «Өгізге туған күн, бұзауға да туады» демекші, ойнақтаған тайды жуа­­сыту «бақыты» маған да бұйырды. Еш зауқысыз, асықпай, уақытты мейлінше созып, жақындадым. Үзеңгіге аяғымды салып, тартылып міндім. Ағайым тайды еркіне қоя берді. Сол-ақ екен, тайым мөңки жөнелді. Оны тоқтату деген қайда, бой беретін емес. «Қазір мынау лақтырса, біттім, одан да өзім құлап, құтылайын» деп шештім.

«Жаңа қопсытылған жер жұмсақ қой» деген оймен, ыңғайланып құлай кеттім жерге. Жерден түрегеп жатып, «Жарығым-ау, бір жерің майып болып қалды ма?» деп атам жетіп келеді деп күтіп тұрмын ғой. Ойлағандай-ақ болды, атам жетіп келді. Бірақ «Өй, әкеңнің, босбелбеу неме» деп айғай салғанын естігенде орнымнан қалай атып тұрғанымды білмей қалдым.

Атам былайғы кезде сабырлы болғанымен, ашу­ланғанда өзін тежемейтін. Қолындағы таяғы иегіндегі шоқша сақалымен бірге шошаңдайтын. «Мін, кәне, қайтадан. Осыдан енді құлап көр, мына таяқ арқаңда ойнайды» деді бар денесімен селкілдеп.

Атамның мінезіне әбден қанық болған мен, әлгі тайға қарғып міндім де, жабысып алып, қаттым да қалдым. Ағайым қашаны ашып, ауладан шығарып жіберді. Сол кеткеннен мол кетіп, тайдың сілесін қатырып, жуасытып алып келдім. Бірақ атама деген өкпем қара қазандай. «Мен құлағанда басымнан сипамады, бір жерін майып қылады деп есіркемеді» деген ренішімді баса алмай жүрмін. Атама қарап қоямын, ол кісі түк болмағандай, риза кейіппен күрең шайын ұрттап отыра берді.

Сол күні мен өмірге дайындықтың ең маңызды сабағынан өтіппін... Сол кезде атамның неге риза болып отырғанын түсінбей ренжісем, дәл қазір осындай сабақ әрбір бозбалаға керек екенін білемін» деп жазады «Атамның сабақтары» естелігінде. Бұл оқиғаны түсіндіріп, қайта талдаудың өзі артық болар.

«Апамның сабақтары», «Бейсеннің сегіз қағи­дасы», «Болмыс және уәде», «Құдайға ұқсайтын адам» деген тақырыптарды арқау еткен әр тұшымды бөлігінен бір тәлім мен тәрбие алып, өмірге басқаша көзқараспен қарай бастайсың. Айта берсек, әдемі әңгіме, тәлімді мысал жетіп артылады. Оны біз жаз­ғаннан гөрі, кітапты қолға алып,оқып шыққан абзал. «Он рет естігенше, бір рет көр» деген осындайда айтылса керек.
Айта кету керек нәрсе, Бейсен аға уәдесіне бе­рік адам болған. Бұл көп адамның бойынан табыла бермейтін асыл қасиет. Ол біреуге берген уәдесін есінен шығып кетпеуін қатаң қадағалаған. Кісімен сыйласқан кезде де уәде беріктігін бірінші орынға қойған. Тіпті біреуге берген уәдесін арнайы парақшасына тіркеп жазып отыруды әдетке ай­налдырған. Ол туралы «Мен кімге уәде берсем, соны мезетте қағазға түртіп жүремін. Осы күнге дейін Бейсен болып жүргенім осы қағаздың арқасы. Осының ішінде бір уәдені орындамай қойшы, не болар екен? Ер жігіттің бағы осындайдан таяды. Уәдені «ауыздан шыққан жел сөз» деп қабылдауға болмайды. Мен уәдені көтергенде ол менің бағымды асқақтатады» дейді екен қасындағыларға.

Жақында Мемлекет басшысы Талдықорғандағы Журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімін беру туралы бастаманы қолдағанын естіп қуанып қалдық. Жетісу облысына барған іссапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жетісудан шыққан азаматтар Тәуелсіздік кезеңінде елімізді дамытуға зор үлес қосты. Соның ішінде белгілі журналист, қоғам қайраткері Бейсен Құранбекті баршаңыз жақсы бі­лесіздер. Оның әзірлеген хабарлары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бейсен Құранбек «Же­тісу» телеарнасында біраз жыл табысты қызмет ат­қарды. Оның азаматтығы, ұлтжандылығы және отан­шылдығы, еңбекқорлығы қалың жұртқа танымал. Өкінішке қарай, дарынды азамат ортамыздан ерте кетті. Мен Талдықорғандағы Журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімін беру туралы ұсыныс айтылып жүргенін білемін. Бұл – Жетісу жұртшылығының, сондай-ақ барша журналистер қауымының, қалың көрерменнің және жалпы халықтың қалауы. Сон­дықтан бастаманы қолдау қажет деп санаймын» деген еді. Бұл болмысы бөлек, бітімі дара тұлғаның еңбегінің лайықты өлшемі деп білеміз. Жақсылыққа жаны құмар болған Бейсен Құранбек – қандай да болсын құрметке лайық тұлға.

Айтпақшы, «Бейсен және болмыс» кітабының соң­ғы бетінде ағаның өз қолымен жазған сөздері маржандай тізіліпті. Қойын дәптерінен үзінді. Құдды бір келешекке, соңынан ерген ұрпаққа өсиет етіп жазғандай. «Ар сақта! Намысты бол! Талаптан! Қарекет қыл! Тәуекел ет! Уәдеге берік бол! Мәрт бол! Ақылға сал! Қайратты бол! Жүрегіңді жылыт! Біліміңді көтер! Өнерді үйрен! Мінезді бол! Еңбек сүйгіш бол! Ата тегіңді біл! Ана тіліңді сүй! Адал мен арамды ажырат! Обалды ойла! Сауапты іс жаса! Салт-дәстүрді ұста! Өнер-мәдениетті игер! Ата тарихтан тәлім мен шабыт ал! Өзіңе, өзгелерге, айналаңа жақсылық жаса!» депті де, ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасын қойыпты. Бұл – түгел қазаққа арналған өсиет. Өрнектеліп келген осы бір қолтаңба әр шаңырақтың төрінде тұрса, әр қазақтың жадында жүрсе, шіркін...

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
01 қараша 2022 ж. 3 374 0