Жаңа мемлекеттік қызмет іске қосылды
Енді ел азаматтарына мемлекеттік қызметті алу үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ. Себебі азаматтарға халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерін үйге шақыруға мүмкіндік беретін жаңа сервис іске қосылды. Аталған сервис бойынша белгіленген уақытта маман көрсетілген мекенжайға келіп, мемлекеттік қызметті көрсете алады.
ХҚКО-дан тыс жерде менеджерлер төлқұжат, жеке куәлік, жүргізуші куәлігін алу және көлік құралдарын тіркеу жөніндегі қызметтерді қоспағанда мемлекеттік қызмет түрінің кез келгенін көрсете алады. Ол үшін «eGov» порталына кіріп, «жеке менеджерді үйге шақыру» батырмасын басу қажет. Бұдан бөлек 1414 байланыс орталығы арқылы да өтініш беруге болады. Ал мамандар мәліметтерді нақтылауға және менеджердің келу уақытын белгілеу үшін тұрғынға алдын ала хабарласады.
Айта кетейік, пилоттық жоба Қазақстанның барлық өңірінде іске қосылды. Бір ескеретін жайт бұл жоба әзірше тек қалаларда ғана жұмыс істеп тұр. Аудандар мен елдімекендерде бұл жоба іске қосылмаған. Бұл сервистің құны – 7190 теңге, ал мүгедектігі бар адамдар үшін тегін.
«Мемлекеттік корпорация тұрақты түрде сервистерді жетілдіру үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Бұған дейін біз жеке менеджерлер арқылы ХҚКО-да басым кезек арқылы қызмет алу мүмкіндігін іске асырған едік. Енді халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандарын үйге шақыртып, қызметті үйден шықпай-ақ алуға болады. Бұл уақыт үнемдегісі келетін азаматтар үшін өте ыңғайлы сервис», дейді «Азаматтарға арналған үкімет» басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
А.Жүнісова
Фото: Ernur.kz.