Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұртшылық қолдау білдірді

Жұртшылық қолдау білдірді

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб мүшелері Ақжарма ауы­лында болып, жұртшылықпен кездесті. Ауылдағы Болат Нұрсейітов атындағы аллеяда өткізілген жүздесуге еңбек ардагерлері, білім, мәдениет, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері мен тұрғындар қатысты.

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб мүшелерін «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ержан Әжікенов пен облыстық мәслихат депутаты Қайрат Нұрсейітов күтіп алып, ауылдың, ауданның тарихымен, жетістіктерімен таныстырды. Сонымен қатар атқарылып жатқан жұмыстарды айтып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Кездесуде АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб төрағасы Ерлан Қошанов АЭС түрлі ғылыми саладағы зерттеулерді жетілдіруге тың серпін беретінін айтты.

– Бәріміз де еліміздің ғылыми-техникалық прогреспен қатар дамығанын қалаймыз. Атом электр станциясы осы мүмкіндіктерді айтарлықтай кеңейтеді. Бұл – уақыт талабы және бұл мәселеде жайбасарлық танытуға болмайды. Сондықтан Сыр өңірінің өздеріңіз сияқты көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары осы бастаманы қолдауға бір ауыздан үндейді деп сенемін. Бұл бастама ел экономикасының энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз ету және энергетикалық тәуелсіздікті нығайту мақсатында қолға алынуда, – деді Мәжіліс төрағасы.

Өз кезегінде АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб мүшесі, Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев бүгінде еліміздегі энергетиктер төтенше жағдайда жұмыс істеп жатқанына назар аударып, электр қуатына сұраныс жыл сайын артып келе жатқанын айтты.

– 2022 жылы еліміздің батыс аймақтарында электр қуаты бірнеше рет апаттық жағдайда үзілді. Тіпті екі жүзден асқан екен. 2023 жылы бірінші жартыжылдықта жарықтың сөнуі 150-ден асқан. Электр қуатының жетіспеушілігі тұтас бір аймақты жансыздандыруы мүмкін, адамдар жарықсыз ғана емес, сусыз да қалуы ықтимал. Сондықтан бізге АЭС сынды тұрақты және таза баламалы энергия көзі қажет, – деді ол.

Мұнан бөлек Мәжіліс депутаттары Мұрат Ергешбаев, Серік Егізбаев, Ринат Зайытов сөз сөйлеп, пікір білдірді.

– Қазіргідей әлемде ресурстарға, энергияға бәсеке күшейген уақытта елдің энергетикалық тәуелсіздігі, энергетикалық қауіпсіздігі бірінші орынға шығып отыр. Мұндай жағдайда, орынсыз үрей мен жөнсіз популизмнің жетегіне еріп, АЭС-ке қарсылық таныту ел болашағына жасалған қиянат болар еді. Сондықтан Қазақстанда АЭС салу – өмірлік мәселе екенін баршамыз ұғынуымыз қажет. Біз осындай тағдырлы мәселелерді келер ұрпақтың мойнына артып кетпей, дәл бүгін батыл, дұрыс шешім қабылдауға тиіспіз. Тұрғындарды ұлт болашағы үшін АЭС құрылысына қолдау білдіруге шақырамын, – деді мәжілісмен Ринат Зайытов.

Сондай-ақ, Штаб мүшелері Қазақстан аумағына күріш өсіретін шаруашылықтарымен танымал Нағи Ілиясов атындағы ауылға барып, тұрғындармен кездесті. Ел аумағындағы шаруалар мен фермерлер АЭС-тың маңызын атап өтуде. Сенімді әрі ұзақ мерзімді энергия көзі ауыл шаруашылығының дамуына айтарлықтай көп мүмкіндік береді. Бұл – жылыжайлар салу, егіс алқаптарын кеңейту, ауылда жаңа өндірістік және әлеуметтік нысандар тұрғызу. Мұның бәрі отандық агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетін бірнеше есе арттырады.

Кездесуде ауыл ардагерлері мен тұрғындар да өз ойларын айтып, алдағы референдумында АЭС салуға дауыс беретіндерін және жақындарын, дос­тары мен таныстарын осы прогрессивті идеяны қолдауға үндейтіндерін жеткізді.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
21 қыркүйек 2024 ж. 285 0