Бір отбасы баспаналы болды

Оқу жылы қарсаңында елімізде «Мектепке жол» акциясы жүргені белгілі. Мұқтаж отбасыларға акция аясында қайырымдылық көмек көрсетіліп, балаларға ең қажетті оқу құралдары алып берілді. Бұл ізгілікті іс-шараға сырдариялық жас кәсіпкер Нұргүл Зарипова да өз үлесін қосты. Кәсіпкер өз қаражаты есебінен Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы мұқтаж отбасына көмек беруге асықты. Балаларға оқу құралдары салынған сөмкені тапсыруға отбасына барды. Мирас пен Жасмин атты жеткіншектің отбасын іздеп, олар тұрған үй-жайды көзімен көрді. Кәсіпкер шын мәнінде бұл отбасыға ең алдымен тұрғын-жайдың қажет екенін біліп, дереу қор ашып, бұл отбасыға баспана алып беруге ынталанды.
– Бас-аяғы 3 күннің ішінде 1 миллион теңгеден астам қаржы жиналды. Қорға аудан кәсіпкерлері мен тұрғындар қаржы салды. Аудандағы «Серікбол», «Жазира» сауда дүкендерінің иелері, сонымен қатар «Аманат» шаруа қожалығының директоры Меңдіғали Есжанов, «Берекет» шаруа қожалығының төрағасы Азамат Сқақов үлкен үлес қосты. Аудан тұрғындары да шама шарқынша қаржы берді. Жиналған қаржыға ауылдан жақсы баспана алып бердік. Енді өз баспанасында тұратын отбасыға бар қиыншылық артта қалсын деп тілейміз. «Қайырымды болсаң, қайырын өзің көресің» деген сөз бар. Жанымыздағы шын мұқтаж жандарға көмек беруге асығайық, болашағымыздың жайлы баспанада өмір сүруіне қол ұшымызды берейік, – дейді кәсіпкер Нұргүл Зарипова.
Асқарлық отбасыға естен кетпес қуаныш сыйлаған, жақсы іске жұмылған барша ағайынға ерлі-зайыпты Мұхамедәли мен Жанат риясыз алғысын жеткізді.
– Жолдасым мүмкіндігі шектеулі азамат. Осында шаруашылықта қарауыл болып жұмыс істейді. Өзім қоғамдық негізде еңбектенемін. Біздің өз баспанамыз жоқ. Ұлым мен қызым мектеп оқушылары. Олардың қажетті оқу құралдарын алып беруге көмектескен Нұргүл ханымға рақмет. Қайырымды жан жағдайымызды көріп, жанашырлық танытып, қаржы жинап, бізге баспана алып берді. Үйге қажетті тұрмыстық техника мен азық-түлікті де жеткізіп берді. Бізге баспана алып беруге атсалысқан барша халыққа алғысымды білдіремін, – дейді Жанат Дастанқызы.
Бибісара ЖАНӘЛІ