Шаруашылық "Мектепке жол" акциясына үн қосты
Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде «Мектепке жол» акциясы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Аталған іс-шара барысында әлеуметтік қолдауға мұқтаж көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға мектепке керек құрал-жабдық беріледі.
Акцияға мемлекеттік мекемелер, шағын және орта кәсіп иелері, шаруашылықтар, жомарт жандар демеушілік етіп, балаларға оқуға ең қажетті – мектеп киімдері, сөмкелер және кеңсе тауарларын алып береді. Ең бастысы, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарындағы балаларды мектепке дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Міне, осы мақсаттағы игі іске аудандағы жомарт жүректі жандар үлестерін қосуда.
Жалпы, «Мектепке жол» акциясы басталған уақыттан бері аудан бойынша 597 балаға материалдық көмек көрсетілсе, 2164 бала мемлекет тарапынан бір реттік қаржылай көмек алды.
Қайырымдылық іс-шарасына аудандағы шаруашылық құрылымдары септігін тигізуде. Олардың қатарында «Қызылдихан» шаруа қожалығы бар. Шаруашылық биыл да жылдағы үрдістен танған жоқ. №131 Талғат Қозыбаев атындағы мектепте білім алатын 20 балаға 350 мыңнан аса қаржыға мектепке қажетті құрал-жабдықтар алып берді. Шаруа қожалық төрағасы Алданберген Құлбаев жас ұрпақтың сапалы білім алуы үшін жағдай жасауда. Тиісінше, жаңа оқу жылы қарсаңында мұндай игілікті істің үлкен көмек екенін атаған ата-аналар өздерінің ризашылықтарын білдіруде.
Бұдан бөлек, шаруашылық тарапынан өзге де демеушілік жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. О.Мәлібаев елді мекеніндегі білім ошағы, мәдениет үйіне қаржылай қолдау көрсетіп, демеушілік жасап келеді.
Биыл «Қызылдихан» шаруа қожалығы 750 гектарға егін егіп, жақында жинап алу қамына кіріспек. Ол үшін техникалары сақадай сай. Білікті басшы А.Құлбаев басқаратын шаруашылық еңбеккерлері биыл да биік межені бағындыруға ниетті.
Е.БЕРКІНБАЕВ
Фото:gov.kz